Астанада бұзылған ескі үйлердің аумағына саябақтар мен спорт алаңдары салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімі Әсет Исекешев ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу бойынша пилоттық жобаның орындалу барысымен танысты. Шара барысында қала басшысы бұзылатын ескі үйлердің аумағын абаттандырып, қала тұрғындары демалатын орындар жасауды тапсырды. Мемлекет басшысының қаланы көгалдандыру бойынша тапсырмасын орындау аясында елорда әкімдігі аула аумақтарын абаттандыру жөніндегі жаңа бағдарламаны қолға алмақ, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
None
None

«Жайлы қала ауладан, үйдің жанындағы саябақтан, отбасымен демалуға болатын гүлбақтан басталады. Елорданы абаттандыру мен көгалдандыру қаланың жаңа бөлігінде ғана емес, қала бойынша жүргізілуі керек. Ескі үйлердің орнына жаңалары тұрғызылсын немесе ағаштар отырғызып, гүлбақтар мен спорт алаңдарын жасау қажет», - деді Астана әкімі.

Қазіргі кезде қала бойынша осындай 17 аумақ анықталды. Қала басшысы келер жылы жаңа алаңдарды пайдалануға беру үшін жақын арада аула аумақтарын абаттандырудың типтік жобаларын әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте ең алдымен демалатын орны жоқ аулалар абаттандырылмақ. 

Қала басшысы өзінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунға игерілмеген жер учаскелеріне, жосықсыз салушылардың аумақтарына және жер учаскелерін өз бетінше басып алғандарға талдау жүргізіп, ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Болашақта бұл аумақтар да қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналмақ.

Елорда әкімі жобаларды әзірлеу барысында қала тұрғындарының да пікірін ескеру қажет екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар