Астанада дәстүрлі «Толағай» алыптар сайысы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана күніне орай 6 шілде күні дәстүрлі «Толағай» алыптар сайысы өтеді. Айтулы дода қазақтың даңқты батыры, әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына арналады.
Күш аталарының бәсекесі Астана қаласы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда өтеді. Жарыстың ашылу салтанаты сағат 15:00-де басталады. Қатысушыларды тіркеу сағат 13:00-де өтеді.
Сайыс барысында еліміздің әр өңірінен келген ең мықты спортшылар алты кезең бойынша өзара бақ сынап, күш-қайраты мен төзімділігін көрсетеді.
Атап айтқанда, қатысушылар фермер жүрісі, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, салмағы 130 келі болатын бөренені желкеге салып отырып-тұру, 100 келілік тасты белгіленген қашықтыққа дейін көтеріп апару, қылыш көтеру және өгіз көтеру (муляж) секілді ерекше сайыс түрлерінде сынға түседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін насихаттау, жастар арасында күштік спортты дамыту және салауатты өмір салтын дәріптеу.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырады.
Айта кетелік Астана күніне орай халықаралық көше қойылымдары фестивалі өтеді.