Астанада ДДҰ коалициясының хатшылығы ашылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM - Бұл туралы 79-шы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының алаңында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесуі барысында мәлім болды.
Тараптар кездесу барысында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуды, денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығын нығайтуды, Орталық Азияның өңірлік күн тәртібін ілгерілетуді, сондай-ақ Қазақстанның медициналық ұйымдары мен халықаралық әріптестердің арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуді қоса алғанда, одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
ҚР Денсаулық сақтау министрі ДДҰ басшылығына Қазақстанның бастамаларын дәйекті қолдағаны үшін алғыс айтып, ДДҰ басшысының ағымдағы жылдың сәуір айында Астанада өткен өңірлік экологиялық саммитке қатысқанын атап өтті.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі елдердің медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық коалициясын одан әрі дамыту болды. Қазақстан коалицияны саяси диалог, тәжірибе алмасу және денсаулық сақтаудың бастапқы буынының реформаларын қолдау үшін халықаралық платформа ретінде ілгерілетуді жалғастыруға дайын екенін растады.
-Қазақстан үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің денсаулық сақтаудың жаһандық күн тәртібінің орталығында қалуы түбегейлі маңызды. Біз елдердің МСАК жөніндегі жаһандық коалицияны дамытуды денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығын нығайтудың және халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың практикалық тетігі ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Кездесу барысында Астанада Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының базасында Коалиция Хатшылығын құру, сондай-ақ WHO Twinning Partnerships for Improvement бастамасы шеңберінде медициналық ұйымдардың арасындағы әріптестік форматын дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақстандық тарап МСАК, кардиология, кардиохирургия, фтизиопульмонология және инфекциялық қауіпсіздік саласындағы жобаларды қоса алғанда, жетекші ұлттық орталықтармен ынтымақтастықты кеңейту жөнінде ұсыныстар ұсынды.
Тараптар ДДҰ-ның Алматыдағы МСАК бойынша географиялық қашықтағы офисін одан әрі дамытуға ерекше назар аударды, ол жұмыс істеген жылдары ДДҰ-ның Еуропалық өңірінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек тәсілдерін ілгерілету жөніндегі негізгі халықаралық алаңдардың біріне айналды.
Сондай-ақ 2026-2030 жылдарға арналған Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдау жөніндегі Жол картасын іске асыру, сондай-ақ Алматы декларациясының 50 жылдығына және Астана декларациясының 10 жылдығына арналған 2028 жылғы мерейтойлық іс-шараларға дайындық мәселелері талқыланды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі ДДҰ-ның Қазақстанның дәрілік заттарды реттеу жүйесінің-ТМД елдерінің арасында бірінші және ДДҰ-ның еуропалық өңірдегі төртінші жетілуінің үшінші деңгейіне жетуіне қолдауын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделілігін растады.
Осыған дейін Орталық Азия елдері мен ДДҰ 2026–2030 Жол картасын іске асыру тетіктерін қарастырғаны туралы жаздық.