Астанада денсаулық сақтау саласында институционалдық реформалар жүргізу мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті
Отырысқа Парламент депутаттары мен Президент Әкімшілігінің, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жоба Қазақстан Республикасының Үкіметі және Дүниежүзілік банктің серіктестік стратегиясы аясындағы бірлескен бастамасы болып табылады. Жоба 2008-2015 жылдар аралығына жоспарланған. Жобаны жүзеге асырушы - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі. Жиынға қатысушылар жобаның түрлі қосалқы құрамдары бойынша жүзеге асырудың аралық нәтижелерін, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдаудың әрі қарайғы бағыттарын талқылады.
Қазіргі уақытқа дейін жобаны жүзеге асыру аясында денсаулық сақтау реформаларының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін институционалды құрылымдар жасақталды. Олар өз кезегінде технологиялар беру жөніндегі консалтингтік компаниялармен серіктестік іс-әрекет негізінде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен сапасын арттыру, медициналық білім беру және клиникалық тәжірибеге халықаралық стандарттар енгізу тетіктері, амбулаториялық қамтамасыз ету тиімділігін арттыру, тамақ өнімдері қауіпсіздігін қадағалау тетіктерін күшейту, заңнаманы үндестіру мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуде. Жобаны жүзеге асыру аясында еліміздің мамандары халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысуда. Бұл Қазақстанның халықаралық қоғамдастықпен белсенді ықпалдасуына ықпал етері сөзсіз.