Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада дүкендер мен дәмханаларға қауіпті ет жеткізген жасырын цех анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада заңсыз жасырын ет өңдеу цехы жойылды.

Астанада заңсыз жасырын ет өңдеу цехы жойылды
Фото: видеодан алынған скрин

Елордада жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жеке тұрғын үйлердің бірінде заңсыз жұмыс істеген ет өнімдерін өңдеу цехын анықтады.

Тексеру барысында өндірістің ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырылғаны белгілі болды. Дайын өнімдер қаланың жеке дүкендері мен дәмханаларына жеткізіліп отырған. Демек, бұл өнімдер кез келген уақытта елорда тұрғындарының дастарханына түсуі мүмкін болған.

— Тексеру кезінде шығу тегі мен сапасы белгісіз үш тоннадан астам ет өнімі анықталды. Сондай-ақ өнімдердің санитариялық талаптары өрескел бұзыла отырып өндірілгені және сақталғаны белгілі болды: температуралық режимдер сақталмаған, ет антисанитариялық жағдайда сақталған. Еттің бір бөлігінде бүлінудің айқын белгілері байқалған — өткір жағымсыз иіс шыққан, шыбындар қаптаған және тағам ретінде пайдалануға жарамсыз екенін көрсететін өзге де белгілер анықталған, — делінген полиция хабарламасында.

Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде анықталған барлық өнім жойылды. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде араласуының нәтижесінде адам денсаулығына қауіп төндіретін ет өнімдері саудаға жіберілмей, елорда тұрғындарына жеткен жоқ.

Заңсыз цех иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауаптылыққа тартылды.