Астанада Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерін соңғы сапарға шығарып салды
АСТАНА. KAZINFORM – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Владимир Иванович Дровосеков 99 жасында дүниеден озды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Майдангермен қоштасу рәсіміне қалалық ардагерлер кеңесінің, Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері және әскери қызметшілер қатысты. Марқұмның денесін әскери оркестрдің сүйемелдеуімен құрмет қарауыл ротасының жауынгерлері шығарды.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов өз сөзінде Владимир Дровосеков жас ұрпаққа үлгі болатын даңқты жауынгерлік жолдан өтті деді.

– Біздің ата-бабаларымыз өмірлерін құрбан етіп, жеңіске жетті. Аман қалғандары үйлеріне оралып, Владимир Иванович сияқты соғыстан кейін елді көркейтуге атсалысты. Олардың есімдері жадымызда жаңғырып, жүрегімізде мәңгі қалады, – деді Сансызбай Есілов.
Владимир Иванович 1926 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Балкашино ауылында дүниеге келген. Ақмоладағы фабрика-зауыт училищесін бітірген соң, темір ұстаның ұлы № 317 әскери зауытта токарь болып жұмыс істеді.

Ол 1944 жылы соғысқа аттанып, 3-ші Беларусь майданында шайқасты. Қатардағы жауынгер Владимир Дровосековтың сапер бөлімшесінде «Пальма» атты мина іздеуші овчарка иті болды. Бірде иті сапердің өмірін ажалдан арашалап қалды. Дегенмен соғыстың соңында итті қауіпті миссияға – танктерді жоюға дайындайды. Осылайша Владимир Иванович адал досынан айырылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақстандық сарбаз үшін 1945 жылдың қыркүйегінде бірақ аяқталды. Еуропадан ол Қиыр Шығысқа дейін барды, Сахалин мен Курил аралдарындағы теңіз катерлерінде қызмет етті. Үйіне 1952 жылы ғана оралып, Ақмоладағы арнайы комендатурада, содан кейін вагон жөндеу зауытында механик болып жұмыс істеді.
Жауынгердің қабіріне гүл шоқтары мен қалампырлар қойылды. Мемлекеттік әнұран орындалғаннан кейін сарбаздың құрметіне салют атылды.
Қатардағы жауынгер Владимир Дровосеков әскери жолында II дәрежелі Отан соғысы орденімен, жаумен шайқаста көрсеткен батылдығы, табандылығы мен жанқиярлығы үшін жауынгер «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Айта кетелік Астанаға әскери бортпен қазақстандық ҰОС жауынгерлерінің сүйегі жеткізілген еді.