Астанада «ЭКОмамаФЕСТ-2026» отбасылық фестивалі өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Президент саябағында жыл сайын өтетін «ЭКОмамаФЕСТ-2026» отбасылық фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль отбасылардың, репродуктолог-дәрігерлердің, қоғам қайраткерлерінің және жоба серіктестерінің басын қосты.
Бағдарлама аясында концерттік қойылымдар, «Тұсау кесу» рәсімі, қайырымдылық аукционы, отбасылық белсенді іс-шаралар, балаларға арналған ойын-сауық аймағы, балалар тауарларының жәрмеңкесі, сондай-ақ ұзақ уақыттан кейін сәби сүйген отбасылардың өмірлік оқиғалары ұсынылды.
Фестивальдің негізгі сәттерінің бірі – «Аңсаған сәби бағдарламасына алғыс!» атты жазуы бар мерекелік торттың шығуы. Бұл рәсім бала сүю үшін медициналық көмекке мұқтаж отбасыларға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауға деген алғысты білдірді.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, медициналық қауымдастық мүшелері, қоғам қайраткерлері және медиа тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысты.
Бұдан бұрын Атырауда «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 500-ге жуық әйел ана атанғанын жазғанбыз.