Астанада экономиканы оқыту мәселелері талқыланды

«Қазақстанның жоғары білім саласындағы теориялық және қолданбалы экономика: қазіргі уақытта және болашақта нені және қалай оқыту керек?» атты тақырыпта өткен бұл семинар-кеңеске Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Астана қалаларындағы ЖОО-лардың жетекші мамандары мен қызметкерлері қатысты.
Талқылауға келесі сұрақтар шығарылды: қазіргі экономикалық ғылымның жалпытеориялық және жекетеориялық құрылымы; қолданбалы экономиканың құрылымы: функционалдық, салалық, өңірлік, құралдық, пәнаралық экономикалық пәндері, ҚР экономикалық білім саласындағы мемлекеттік стандарт және академиялық еркіндік; теориялық және қолданбалы экономика бойынша оқу жоспарларының, бағдарламаларының, әдебиетінің сапасы; экономикалық пәндерді оқу және оқыту әдістемесі мен технология мәселелері және оларды шешу жолдары.
Семинар-кеңесті «Тұран-Астана» университеті, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің жанындағы қоғамдық ғылымдар орталығының Қазақстандық өкілдігі ұйымдастырды.
«Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті, э.ғ.д., профессор, Ресей Шаруашылық философиясы академиясының академигі Орақ Әлиев семинар-кеңес тақырыбының өзектілігі мен түйткілдігі туралы баяндама жасап, қатысушыларға ТМД және Балтық мемлекеттерінің Халықаралық саяси-экономикалық қауымдастығы туралы ақпарат берді.
Оның айтуынша, ТМД және Балтық мемлекеттерінің мамандары Қазақстандағы экономика ғылымының қарыштап дамуын мойындап отыр. Отандық ғалымдарымыз әсіресе теориялық мәселелер бойынша оқ бойы алда келеді.