Астанада ЭКСПО-ға арналған көрмелер топтамасы ашылды

Қор көрмелері «Музей жинақтары» музейтану бағдарламасының аясында ұйымдастырылған. Ұсынылған топтамалардың құндылығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың еліміздің заманауи мемлекеттілік тұжырымдамасын қалыптастырудағы әлемдік қауымдастықпен конструктивті ынтымақтастық құруы негізіндегі қызметінің нәтижесін көрсетеді.
«Музей жинақтары» музейтану бағдарламасы тақырыптық бағыттар, жинақтар бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының қорындағы бірегей экспонаттарды зерттеу және насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, жеке жинақтар кітапхана және музей ғимараттарының экспозицияларында ұсынылған. Бұл көрме топтамасының материалдары көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отыр. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуы қарсаңында қандай жинақтарды ұсыну қажеттігін зерделеу барысында біз әлемдік тарихи-мәдени мұралар шеңберінде қазақ мәдениетінің тамаша үлгілерін көрсету идеясын басшылыққа алдық», - деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рақымжанов көрмені ашқан алғы сөзінде.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева 2012 жылы Астананың «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу орны ретінде таңдалуы Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа енуінің маңызды кезеңі болғанын атап өтті.
«Тақырыптық қор көрмелері топтамасына «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» тақырыбын кездейсоқ беріп отырған жоқпыз. Біріншіден, ЭКСПО біздің халық шаруашылығы салаларына үлкен мүмкіндіктер береді. Екіншіден, біз көрмені тамашалауға келген қонақтар заманауи Астананы ғана емес, сонымен қатар Елбасы кітапханасының музей қорының жинақтары арқылы танылып отырған көпұлтты халқымыздың тамыры терең тарихы мен сан қырлы мәдениетін, сыртқы саясатымыздың көпвекторлы жетістіктерін көргенін қалаймыз», - деді ол.
Айта кетерлігі, «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» қор көрмелерінің топтамасы 2017 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.