Астанада Елбасының қатысуымен Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты мерекелік шара басталды

Бұл күнді еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясына Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бастамашылық жасаған еді. «Көктемгі 1 Мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр - бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Жұмыс істеу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ойластырса, өте қызықты шаралар жүзеге асатын болады әрі мұның елге пайдасы да зор», ‑ деген еді Елбасы ағымдағы жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде.
Бүгін соған орай 1 мамыр Қазақстан - халқының бірлігі мерекесі жаңа тұрпатта өтіп жатыр. 50 мыңға тарта қазақстандық алаңға жиналса, қаланың басқа да жерлерінде 50 мыңдай халық мерекелеуде. Тәуелсіздікке қол жеткізу мен елдің еңсесі көтеріліп, аяққа тұру секілді тарихи кезеңдерде өмір сүру бақытына ие болып, еліміздің экономикалық және саяси әлеуетін дамытуға өз еңбегі мен бар күш-жігерін аямаған қазақстандықтар сап түзеп, Тәуелсіздік даңғылымен өтуде.
Шеру колоннасы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген ұранды ұстанып шықты. Тұрғындардың мерекелік шеруін шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнері ажарландырып жатыр.