Астанада емханасы жоқ шағын аудандарда 3 амбулатория ашылады

«Алдағы 5 жылдағы елорданы дамыту жоспарын іске асыру шеңберінде қанша денсаулық сақтау мекемесі қажет екенін анықтадық. 2023 жылға дейін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін шамамен 25 млрд теңгеге 10 жаңа емхана салу қажет. Біз халықаралық тәжірибені зерттеп, бизнес-құрылыммен бірқатар келіссөздер жүргіздік және бұл мәселені мемлекеттік-жекешелік әріптестік жолымен шешеміз», - деді Әлия Рүстемова.
Оның айтуынша, биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестікпен елордада 3 амбулатория ашылған. Бұл мекемелер жаңа «Жағалау» шағынауданында, халық тығыз орналасқан Бараев көшесінің бойында және «Сказочный мир» тұрғын-үй кешенінде орналасқан.
«Жыл соңына дейін жеке инвестициялар есебінен «Өндіріс» және «Пригородный» тұрғын алаптарында емхана ашу жоспарланып отыр», - деп өз сөзін толықтырды басқарма өкілі.
Сондай-ақ, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі биыл Астананың Есіл ауданында (EXPO аймағы) 50 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін жаңа медициналық кешеннің ашылатынын хабарлады.
Жалпы ауданы 12 мың шаршы метр болатын бұл кешеннің құрамында аурухана мен емхана болады. Оған 7,5 млрд теңге инвестицияланған.