Астанада энергетиктердің 6-шы республикалық кеңесі өтуде
АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Астанада Қазақстан Электр энергетикасы қауымдастығының 6-ы республикалық кеңесі өтуде. Жиынға «Қазақстан Республикасының Үдетілген индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы электр энергетикасының рөлі» тақырыбы арқау болды.
Шараның ашылу барысында сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов, электр энергетикасы мәселесінің ел экономикасының барлық секторына аса зор әсер ететінін атап өтті. «Расында да, энергетика саласының жағдайы мен оның дамуына елде қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалуы ғана емес, ұлттық экономикамыздың одан әрі сапалы жүзеге асуы тікелей байланысты. Сондықтан да аталмыш салаға қажетті қолдау күшейтіле түсетін болады», деді Ә. Исекешов.
Жиынға қатысушылар электр энергетикасы қызметінің және оның болашақ дамуының өзекті мәселелерін талқыға салды. Атап айтқанда, саладағы тариф саясаты мен баға қалыптастыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру, заңнамалық және нормативтік негіздерді жетілдіру бойынша жан-жақты пікір алмасылды.
Кеңес барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер 2010-2014 жылдарға арналған салалық даму бағдарламаны және 2020 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу барысында ескерілетін болады. Басқосуға Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік орган өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, қаржылық институттардың, энергетикалық компаниялар мен бірлестіктердің өкілдері атсалысты.