Астанада ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны артып келеді — Білім басқармасы
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны жыл сайын артып келеді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) деректеріне сәйкес, биыл Астана қаласында 22 мыңнан астам бала осындай санатқа енгізілген. Былтыр олардың саны 19 597 бала болған.
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, ерекше білім алушылардың 75 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған.
— Соңғы бес жылда қаладағы арнайы білім беру ұйымдарының саны 6 бірлікке артты. Қазіргі таңда елордада 24 арнайы ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 10 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 5 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 3 арнайы мектеп, 3 арнайы балабақша, 2 оңалту орталығы және 1 аутизм орталығы бар, — деді Қасымхан Сенғазыев қалалық мәслихаттың отырысында.
Оның мәліметінше, қалада бұдан бөлек 108 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Оның 85-і мектептерде, 23-і балабақшаларда орналасқан.
— Астана қаласындағы жалпы білім беретін 119 мектептің барлығы бүгінде инклюзивті білім беру жағдайымен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш екі жыл бұрын 85 пайыз ғана болған еді, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы инклюзивті оқыту бағытындағы жұмыстар туралы да баяндады.
— Қаладағы 24 колледжде ерекше білім беруді қажет ететін 334 студент білім алып жатыр. 2023 жылы — 93, 2024 жылы — 112, ал 2025 жылы 125 студент қабылданды. Қазіргі таңда 8 колледжде осындай студенттерге арналған 8 мамандық бойынша арнайы топтар жұмыс істейді, — деді Қасымхан Сенғазыев.
Бұған дейін ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы оқу-әдістемелік құралдар тізбегі әзірленетінін жазғанбыз.