Астанада есірткі затын сату үстінде 33 жасар келіншек ұсталды
Бұл туралы бүгін өткен брифинг барысында Астана стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімі (ЖІІБ) бастығының орынбасары Мұратбек Мұсабеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М.Мұсабековтың айтуынша, үстіміздегі жылғы қыркүйектің 6-сы күні ЖІІБ-ге есірткі сатумен айналысатын азаматша жөніндегі арызымен 29 жасар Ж. есімді азамат келген. Жарты ай бойы полиция қызметкерлерінің назарында жүрген азаматшаны бұл арыздан кейін қылмыс үстінде ұстау туралы шешім шығарылып, ол Көліктегі орталық ІІД-іне қарасты аумақтарда қыркүйектің 7-сі күні басталған «Есірткіге тосқауыл» кең ауқымдағы жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінде-ақ қолға түсті. Ұстау барысында одан 4 грамм, пәтерін тінту барысында тағы 100 грамға жуық героин заты табылып, тәркіленді.
Жезқазған қаласының тумасы, ешқайда жұмыс істемейтін Х. есімді 33 жасар келіншек Астанаға екі ай бұрын келген және полициядан ізін жасыру үшін мекен-жайын жиі ауыстырып отырған. Азаматша «кәсіпкерлігін» Жеңіс даңғылы бойында жүзеге асырып келген, сондықтан есірткі тұтынушылар оны оңай тауып отырған.
Қазіргі күні бұрын-соңды істі болмаған келіншекке «тауарды» кім жеткізіп отырғаны және бұл іспен қанша уақыт айналысып келгені анықталуда. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 259 бабы, 3 тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің бұл бабы 10-нан 15 жылға дейін бас бостандықтан айыруды көздейді.
Жыл басынан бастап есірткінің заңсыз айналымына қатысты 60 іс қозғалды. Оның 7-еуі есірткіні сату фактілеріне қатысты.