Астанада есірткі таратуға қатысы бар сайттар бұғатталды

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Астанада 2 мыңнан астам есірткі сатуға арналған интернет-ресурстар бұғаттауға жіберіліп, есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтілді. Бұл туралы Астана қаласы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Әбікен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында мәлім етті.

бұғатталған сайт
Фото: IMAGO/Depositphotos/YAY_Images

– Астанадағы есірткі ахуалына келсек, қазіргі жағдайда есірткінің 90 пайызы байланыссыз (онлайн) тәсілмен сатылады. Сондықтан біз есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тәсілдерін өзгертіп, интернет арқылы сатылатын арналарды анықтау мен жолын кесуге басымдық беріп отырмыз. 2 229 интернет-ресурс бұғаттауға жіберілді, олардың басым бөлігі жастар арасында танымал. Сондай-ақ күдікті операциялар бойынша 2 783 банк картасы бұғатталды, жалпы сомасы 113 миллион теңгені құрады. Есірткі бизнесі саласында үш ұйымдасқан қылмыстық топтың және бір нарколабораторияның қызметі тоқтатылды. 1 106 есірткі құқықбұзушылығы анықталды, оның ішінде 412-сі – сату фактілері. Тәркіленген есірткі көлемі өткен жылмен салыстырғанда 342 килограмнан 465 килограмға дейін артты, оның ішінде синтетикалық есірткі 22 килограмнан 45 килограмға дейін көбейді, – деді ведомство өкілі.

Спикердің айтуынша, құрамында есірткі және психоактивті заттарды заңсыз сату ресурстарына сілтемелер бар есірткі саудасын насихаттайтын жазбалар жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Осы бағытта Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша 15 қылмыстық іс қозғалған. 2 500-ден астам наркограффити өшірілген.

Сондай-ақ Мақсат Әбікен жыл басынан бері ойын-сауық орындарында бірқатар рейдтік іс-шаралар жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 301-бабы бойынша «күлдіргіш газды» заңсыз пайдалану фактілері бойынша 20 қылмыстық іс қозғалып, заңсыз айналымнан 70-тен астам баллон тәркіленген.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 2026–2028 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» жоспары әзірленген. Құжат есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуға бағытталған іс-шараларды, соның ішінде лекциялар, семинарлар және өзге де профилактикалық жұмыстарды қамтиды.

Еске сала кетейік, ІІМ жыл басынан бері шамамен үш тонна есірткінің айналымға шығуына тосқауыл қойды.

Соңғы жаңалықтар