Астанада Эстония ұлттық музейі қорынан әкелінген қолғап көрмесі ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық музейінде Эстон ұлттық музейінің «Қолмен өрілген қолғап сыры» көрмесі ашылды. Экспозицияда орта ғасырдан бүгінге дейінгі эстон қолғаптары ұсынылып, олардың әр өрнегі мен түсі мәдени тарихты көрсетті.
Көрменің ашылу салтанатына Эстония Президенті Алар Карис, Эстонияның Бірінші ханымы Сирье Карис, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дипломатиялық корпус өкілдері, отандық және эстондық әдебиет пен өнер қайраткерлері және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

– Әр қолғаптың ішінде – бір адамның тарихы бар. Қолғап тек қолымызды жылытпайды, мәдениетіміз бен дәстүрімізді жеткізеді, – деді Эстония Президенті құттықтау сөзінде.
Ол қолғаптардың тек қолды жылыту үшін ғана емес, мәдени маңызы бар екенін айтты.

– Қолмен өрілген қолғап сыры – тек қолөнер ғана емес, екі ел халқына тән жылы қарым-қатынасты білдіреді, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, қазақстандық және эстондық өнер өкілдері – Алмагүл Менлибаева, Тонис Винт және Янус Самма – шығармашылығында шығыс дәстүр мен модернизмнен шабыт алған. Олар ою өрнектер мен визуалды символдарды зерттейді. Министрдің сөзінше, бұл екі елдің әртүрлі көркем тілдер арқылы символика мен кеңістікті қалай бейнелейтінін көрермендерге түсінуге мүмкіндік береді.

Көрмеде орта ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі эстон қолғаптары ұсынылған. Әр бұйымдағы өрнек пен түс өз дәуірі мен аймақ ерекшелігін көрсетеді. Экспозиция Эстон ұлттық музейінің түпнұсқа коллекцияларына сүйене отырып, Тарту университетінің Вильянди мәдениет академиясымен жасалған көшірмелерден тұрады.

Көрме бұған дейін Венгрия, Нидерланд, Франция, Бельгия, Болгария, Грекия және Эстония елдерінде көрсетілген. Жоба аясында қатысушылар дәстүрлі ою-өрнекті зерттеп, шығармашылық тұрғыдан интерпретация жасауға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Эстон әдебиетінің бұрышы ашылған болатын.