Астанада еуразиялық жас тарихшылар клубының отырысы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Воронеж қаласында өткен отырыста еуразиялық жас тарихшылар клубы Ұлы Отан соғысы тарихының фактілерін бұрмалау және саясиландыру әрекетіне қарсы іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлады РИА Новости.

Астанада еуразиялық жас тарихшылар клубының отырысы өтеді

«Еуразиялық жас тарихшылар клубы» жобасын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығы мемлекетаралық қорының қолдауымен ресейлік «Север-Юг» саясаттану орталығы іске асырады. Жоба Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және ТМД-ның басқа елдерінің «тарихи қауымдастық өкілдерінің арасында кәсіби коммуникацияны дамыту» үшін пікірталас алаңын қалыптастыруға бағытталды. Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстаннан келген клуб қатысушылары, студенттер мен жас мамандар ҰОС және «жалпы тарихи кеңістік» тақырыбында шеберлік сыныптарына, дәрістерге, пікірталас алаңдарына барды. Бірінші күні «ТМД елдеріндегі тарихи ғылым және тарихи білім: негізгі үдерістері мен басымдықтары» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел барысында кездесуге қатысушылар ТМД және Еуропа елдеріндегі тарихи ғылымды дамытудың проблемалары мен перспективаларын талқылады. Достастық халықтарының ұлттық идеологиясы мен біртектілігін қалыптастырудың тарихтағы рөлі қаралды. Ұлы Отан соғысының 70 жылдығында жанданған тарихи фактілерді бұрмалау, саясиландыру әрекеттеріне қарсы іс-қимыл құралдары талқыланды. Екінші күні шарада Шығыс Еуропа елдерінің тарихнамасында ҰОС оқиғаларын бұрмалау мәселелері сөз болды. Отырыс қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар мен кәдесыйлар табысталды. Клубтың келесі отырысы 2015 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.