Астанада Fly Park экстремалды скейт алаңы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың Байқоңыр ауданындағы «Ататүрік» саябағында заманауи Fly Park экстремалды скейт алаңы ашылды. Жаңа нысан жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жаңа алаң жастардың белсенді демалысын ұйымдастыруға және экстремалды спорт түрлерін дамытуға бағытталған. Мұнда BMX велосипедтері, трюктік самокаттар мен скейтборд тебуге арналған арнайы аймақтар қарастырылған.
Fly Park алаңы 6 трюктік элементтен тұрады. Құрылымның биіктігі 3,5 метрден асады, сырғанау алаңы бір мезетте 25 адам уақвтын өткізе алады.
— Ашылу құрметіне орай біз шағын жарыстар ұйымдастырып отырмыз. Бүгін оған қаламыздың тұрғындарымен қатар, жақын маңдағы өңірлердің тұрғындары да қатысып жатыр, — деп атап өтті Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алаңда «Астана есірткіге қарсы» атты акция да өтті. Ұйымдастырушылар қатысушыларға салауатты өмір салтының маңыздылығы, есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу және зиянды әдеттердің орнына спорт пен белсенді демалысты таңдаудың қажеттілігі туралы айтып берді.
— Бұл алаң адамдарды бір мақсатқа — салауатты өмір салтын ұстануға біріктіреді. Спорт пен белсенді өмір салты — есірткіге балама. Спорттық ортада адамдардың мақсаты, өмірлік жоспары және дамуға деген ұмтылысы болады. Мұнда есірткіге орын жоқ. Сондықтан біз жастарды әрдайым спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын таңдауға және есірткісіз болашақты таңдауға шақырамыз, — деді елордалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сетенов.
Бүгінде қала бойынша экстремалды спорт түрлерімен 2000-нан астам адам жүйелі түрде айналысады. Осыған байланысты жаңа спорттық кеңістіктің ашылуы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, спорттық инфрақұрылымды дамытуға және қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік береді.
Бұдан бұрын әкім Жеңіс Қасымбек LRT жобасы толық іске асса, ұзындығы 100 шақырымға жететінін айтты.