Астанада гипербелсенді балалар мәселесіне арналған бірінші республикалық конференция өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемде балалардың шамамен 5%-да және ересектердің 2,5%-да зейін жетіспеушілігі (көңіл бөлмеу) мен гипербелсенділіктің белгісі бар. Бұл деректі бүгін елордада өткен зейін жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромы мәселесіне арналған республикалық конференцияны ұйымдастырушылар келтірді.
«Бүгінгі іс-шара әсіресе балалық шақта жиі кездесетін зейін жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромы мәселесіне арналған. Әлемдегі барлық баланың шамамен 5%-ы осы диагноздан зардап шегеді. Біз бүгінгі шараны мектепте өткізіп отырмыз, өйткені негізгі проблемалар оқыту мен мінез-құлықта. Яғни зейін жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромы белгілері көбіне балалар арасында кездеседі. Осы орайда біз педагогтерге аталған синдром туралы түсіндіріп, гипербелсенді балаларды оқыту әдістерін үйреткіміз келеді. Көп адамдар осы синдром туралы естігенде, балаға назар аударылмайды, зейін жетіспейді деп ойлайды, бірақ іс жүзінде мәселе баланың өзі назар аудармайды, яғни мінез-құлқы мен іс-әрекеті тұрақсыз», - деді конференция қатысушысы, психолог Татьяна Дегтяй.

Психологтың айтуынша, аталған санатқа жататын балаларды кейде тәрбиесіз ретінде қабылдап жатады.
«Осы орайда айта кетерлігі, бала мінез-құлқын өз бетінше басқара алмайды. Оның үстіне бала мектепте буллингке тап болуы мүмкін. Зейін жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромы бар балаларды ерекше білім беру қажеттіліктері бар санатқа жатқызуға болады», - дейді маман.
Конференцияны ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, зейін жетіспеушілігі (көңіл бөлмеу) және гипербелсенділік синдромы – зейінді шоғырландыру және сақтау қиындықтары, шамадан тыс қозғалыс белсенділігі (гиперактивтілік) және ұстамсыздық (импульсивтілік) сияқты мінез-құлықтың даму бұзылыстарының бірі.
Статистикаға сәйкес, бұл синдром қыздарға қарағанда ұлдар арасында 2-7 есе жиі кездеседі. АҚШ-тың Ұлттық психикалық денсаулық институтының 2023 жылғы мәліметтері бойынша гипербелсенділікпен күресте дәрі-дәрмек қолдануға, психотерапия немесе психологиялық кеңестермен қамту ұсынылады.

«Еліміз инклюзивті білім беру жүйесіне көшіп жатқанда, балалар арасындағы зейін жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромы мәселесі маңызды. Аталған диагнозы бар балалар құрдастары, ұстаздар, тіпті ата-анасының тарапынан кемсітушілікке душар болып жатады. Баланың ерекшелігін танып, білмеу осындай жағдайларға алып келеді. Сондықтан ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшілігінің назарын осы ерекше балаларға аудару қажет. Дамыған елдерде ерекше балаларға жағдай жасалады және оларды кемсітуге жол берілмейді», - деді «Болашақ» корпоративтік қорының төрағасы Динара Гаплан.
Айта кетейік, «Зейін жетіспеушілігінің белгісі мен гипербелсенділік: диагностика және түзету әдістері» атты республикалық конференция елордалық балалар психиатрларының бастамасымен «Болашақ» корпоративтік қоры өткізді. Оған ел өңірлерінен келген педагогтар мен психолог мамандар қатысты.