Астанада халық тығыз қоныстанған аудандардың бірінде келешек мектебі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы ең ірі тұрғын алаптардың бірі — Үркер елді мекенінде бүгінде шамамен 35 мыңға жуық адам тұрады. Мұндағы жалғыз мектеп ұзақ уақыт бойы үш ауысымда жұмыс істеп келген, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

оқушы
Фото: Астана әкімдігі

Жуырда ашылған жаңа әрі жайлы № 33 мектеп осы мәселені шешуге мүмкіндік берді. Енді тұрғын алаптағы балалар қала орталығына қатынамай-ақ, өз мектебінде білім алатын болды.

«Келешек мектебі» № 33 Мемлекет басшысы бастаған ауқымды бағдарлама аясында бой көтерді.

жайлы мектеп
Фото: Астана әкімдігі

— Бұл мектеп ашылғанға дейін Үркерде бір ғана үш ауысымды мектеп-гимназия болды. Жаңа мектептің іске қосылуының арқасында үш ауысым мәселесі толық шешілді. Қазіргі таңда мұнда шамамен 3 мың бала оқиды. Олардың басым бөлігі бұрынғы мектептен ауысты, сондай-ақ қалада білім алып жүрген, бірақ орын жетіспегендіктен мектепке қабылданбаған балалар да қайта оралды. Олар жазғы уақытта орналасып үлгерді, — деді мектеп директоры Дана Оразалина.

Айта кетейік, Дана Оразалина — заманауи менеджмент қағидаттарын енгізіп, жаңа үлгідегі білім беру ұйымдарының басшыларын даярлауға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының түлегі.

Жаңа мектеп ашылған соң директор ең алдымен балалар мен ата-аналардың сұранысы бойынша STEM-академиясы мен робототехника үйірмесін іске қосты. Қазіргі таңда мектепте 10-нан астам шығармашылық және спорттық үйірме жұмыс істейді.

— Мектеп 2000 орынға есептелген, қазіргі уақытта 1600 бала білім алады. Олар бір ауысымда оқиды. Соның арқасында балалар түрлі секцияларға қатыса алады. Бүгінгі күні екі бағыт бойынша үйірмелер бар: шығармашылық және спорттық. Шығармашылық бағытта — домбыра ансамблі, қыш өнері, қолданбалы өнер мен телестудия, спортта — футбол, волейбол, баскетбол, қазақ күресі мен шахмат секциялары жұмыс істейді, — деді мектеп басшысы.

Оқу орнында екі кең спорт залы, төрт киім ауыстыратын бөлме мен душ кабиналары бар. Футбол алаңы, үстел теннисіне арналған орын да қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда кітап оқу залы, телестудия, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін арнайы кабинеттер жабдықталған.

мектеп
Фото: Астана әкімдігі

— Балалар сабақтан кейін асығып үйлеріне қайтпайды. Олар үйірмелерге қатысып, бір-бірімен араласып, білім мен ой бөлісіп, достасады. Ерекше бір сәт — ата-аналар жиналысына барлық ата-ана толық қатысты. Бұрын-соңды тәжірибемде мұндай болған емес. Әдетте бәрін жинау қиынға соғады, ал бұл жолы түгел жиналды! Мектептің ашылуын да тұрғындар тағатсыздана күтті, қуанышпен қарсы алды, — деді мектеп мұғалімі.

Мектепте оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Білім ордасы үш бөлек блоктан тұрады: бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған. Биылғы оқу жылында мұнда 23 бастауыш сынып жұмыс істеп тұр, оның ішінде 10-ы — бірінші сынып. Сондай-ақ, инклюзияға арналған бөлек бөлім бар.

— Қазіргі таңда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны артып келеді. Бізде мұндай балаларды білім беру процесіне толықтай енгізуге мүмкіндік бар. Қазір инклюзия бойынша 12 бала оқып жүр. Әр балаға арнайы педагог-ассистент бекітілген, екі бала үйден оқиды. Сонымен қатар логопед, психолог, дефектолог мамандар бар, олар кез келген уақытта көмекке келе алады, — деп толықтырды директор.

Еске сала кетейік, 2024 жылы Астанада 16 «Келешек мектебі», ал биыл тағы жеті мектеп ашылды.

Бұған дейін 2028 жылға дейін мектептерде 1000 стоматологиялық кабинет ашылатыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар