Астанада халықтан заңсыз сақталған қаруды қабылдау акциясы жалғасады

Елорданың ресми сайтының жазуынша, 1 қыркүйекте басталған халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды қабылдау айлығының мерзімі ұзартылып, іс-шара қазан айында да өткізілетін болды.
«Қару-жарақтарды өз еркімен тапсырған тұлғаларға қарудың түріне қарай әр бірлік үшін 10-100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы төленеді», - делінген ақпаратта. Елордалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының лицензиялау және қару-жарақ айналымын бақылау бөлімі қызметкерлерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта қала тұрғындары 56 қару-жарақ тапсырған. Атап айтқанда, олардың 11 иір ойықты мылтық, 42 тегіс оқпанды мылтық, 1 газ-травматикалық, 2 травматикалық қару және иір оқпанды мылтыққа арналған 2 254 дана оқ-дәрі.
Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерден босатылады.