Астанада «Инвестиция үйі» ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов Астанада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Инвестиция үйі» ашылатынын мәлім етті.
— Kazakh Invest базасында «бір терезе» қағидаты бойынша бір жерде кешенді қызметтер көрсету үшін «Kazakhstan Investment House» (Астана қаласында) инвесторларды қолдау мен оларға қызмет көрсетудің бірыңғай ақпараттық орталығы құрылады, — деді Арман Қасенов орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше, жаңа инвестициялық жобаларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
— Бұл үй бизнес-қоғамдастықпен бірге импортты алмастыру және экспорттау әлеуеті жоғары перспективалы сегменттерді айқындайды. Инвесторларға нарық, инфрақұрылым, ресурстық база және мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат ұсына отырып, «инвестицияларға тапсырыс берумен» айналысады. Сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды өңірлік даму институттарына трансформациялау және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін жаңғырту көзделеді, — деді вице-министр.
Бұған дейін «Бәйтерек» экспортты қолдау мен инвестиция тартуды күшейтетінін жазған едік.