Астанада қанша хостел бар
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау мақсатында хостелдерде кезектен тыс тексеру жүріп жатыр.
«Өткен жылы 30 қарашада Алматыда хостелден өрт шықты. Одан бөлек, таяуда Семейде сауда орталығы өртенді. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен қала әкімдігінің талабымен өрт қауіпсіздігі жұмыстарына бақылау одан сайын күшейтіліп жатыр. Бүгінде елордада 87 хостел бар, өрттің алдын алу мақсатында оларға тексеру шаралары жүріп жатыр. Қаладағы 8 хостел өз еркімен жабылды», - деді Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мадияр Мырзагелдиев қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған жағдайда, оны түзеуге объект иесіне 10 күн уақыт беріледі.
«Он күннен қайта бақылау жүргізіледі, талап орындалмаса, тиісті шара қолданылады», - дейді ол.