Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада қайтыс болған донордан жүрек трансплантациясы сәтті жасалды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада қайтыс болған донордан жүрек трансплантациясы сәтті жасалып, ұзақ уақыттан бері донорлық жүрек күткен пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Түркістанда екінші бауыр трансплантациясы сәтті өтті
Фото: ҚР ДСМ

Министрліктің мәліметінше, 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астана қаласы әкімдігінің «Көпбейінді медицина орталығы» ШЖҚ МКК базасында әлеуетті донор анықталған. Донордың отбасы келісім бергеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы донорлық үдерісті толық ұйымдастырған.

– UMC трансплантологтар командасының қатысуымен 1966 жылы туған пациентке жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Қазіргі уақытта реципиенттің жағдайы операциядан кейінгі кезеңге сәйкес келеді, – делінген министрлік хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрлігі донордың отбасына қабылдаған ізгі шешімі үшін алғыс айтып, трансплантация үдерісіне қатысқан дәрігерлерге, санитариялық авиация қызметкерлеріне және өзге де медицина мамандарына ризашылығын білдірді.

– Қазіргі уақытта Қазақстанда өмірлік маңызды ағзаларды трансплантациялауды 4 739 адам күтіп отыр. Оның ішінде 125-і – балалар. Атап айтқанда, 4 208 пациентке бүйрек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе және 5 адамға жүрек-өкпе кешенін трансплантациялау қажет, – деп мәлімдеді ведомство.

Министрліктің атап өтуінше, қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға берілген әрбір келісім – трансплантация өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болып отырған жандар үшін үлкен үміт. Осыған байланысты ведомство трансплантологиялық қызметті дамыту, донорлық үйлестіру жүйесін жетілдіру және қоғамның ағза донорлығының маңыздылығы туралы ақпараттануын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Айта кетейік, елордада донорлық ағзаларды сақтауға арналған жабдық шығарылады.