Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығы тақырыбында басқосу өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Халықаралық Түркі академиясы кітапханасында Қазақ хандығының 550 жылдығы тақырыбына арналған «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының кезекті басқосуы өтті.
«Қазақ қашан мемлекет болды?», «Не себепті 1465 жыл таңдалынып алынды?» деген сауалдар көзі қарақты оқырманның көкейінде тұратыны анық. Пікір білдірген ғалымдардың әрқайсысы дәл осы мәселе тұрғысында пайымды тұжырымдарын білдіріп, өз ойларымен бөлісті.
Мәселен, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяғанның пікірінше, мемлекет құру, оны қалыптастыру бір жылда бола қалатын іс емес. Дегенмен, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты кітабында Керей ханның Шу бойына көшкен уақыты ретінде Хижра жыл санауымен дәл осы жыл көрсетілген. «Алғашқы қазақ хандары құрған мемлекеттің басқару жүйесі сол заманға сай болды, соның арқасында осынша үлкен аумақты биледі. Керей мен Жәнібек құрған хандық Кенесары заманына дейін (1864-1847 жж.) IV ғасыр бойы өмір сүрді» дейді тарихшы. Бұдан бұрын болған бір конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрхановтың ел тарихына қатысты айтқан пікірі жадымда қалыпты. Ол «Қазақ мемлекеттігінің тарихы әріде, сақ, ғұн дәуірінен басталады» деген. Сол ойын бұл жолы да қайталады. «Біздің тарихымыз әлдеқайда тереңде жатыр. Мәселені осылай қозғау керек. Біз Қазақ хандығының саяси-экономикалық құрылымын, құқықтық негізін тереңірек зерттеуіміз керек. Кешегі қазақ даласында түрме болмады, бірақ әділеттілік бар. Жетім-жесір болған жоқ. Қазақ хандығында көп мәселе құн арқылы шешілген. Осыған назар аудармай жүрміз» деді ол. «Қазақ хандығының 550 жылдығы жай ғана атап өтетін қатардағы шара емес. Оның мәні мен мазмұнын өзімізден бұрын өзгелер сезінетіндей жоғары деңгейде, пәрменділігі көрер көзге айқын болатындай ұйымдастырылуы керек». Мұндай ойды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев ортаға тастады. «Зиялы қауым өкілдерінен, тарихшылардан, белсенді жастардан жасақталған Үкіметтік комиссия құру керек. Бұл шара халықты жік-жікке бөлетін емес, біріктіретін шара болуға тиіс. Үкіметтік комиссия алдымен осыны негізге алуы керек. Екінші, еліміз туралы жақсы қоғамдық пікір қалыптастырып, үлес қосқан мемлекеттердің басшыларын, ғалымдарын, қайраткерлерін, кәсіпкерлерін барынша тарту қажет» деді ол. Депутат Үкіметке арнайы хат жолдап, атаулы күнді Мемлекеттік рәміздер күніне бекітіп, «Мемлекеттік рәміздер және Қазақ хандығы күні» деп атауды ұсынғандарын білдірді. Пікірсайыс клубында өзге де бірқатар азаматтар Қазақ мемлекеттігіне қатысты ойларымен бөлісті. Мәселен, осы орайда 20 сериялы фильм түсірілмек. Режиссер Қойшығұл Мұстафин фильмге тарихшылар тартылуы керек деп, «Көшпенділердің» қателігін қайталамауға шақырса, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Түркия тағылымын алға тартты. 2023 жылға қарай республикасының 100 жылдығын атап өткелі отырған Түрік мемлекеті әскерінің құрылған уақытын 2 мың жылдан астам уақыт әріден алады екен. Әрине, мұндай мәселелерді ескеру керек. Елдігіміздің етек-жеңін жиыстырып, бүтіндейтін кез келді. Қазақ хандығының 550 жылдығына Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерін кеңінен қатыстырып, шетелдерде тұратын қандастарымыздың атсалысуын қамтамасыз ету қажет. Ортақ ой осыған саяды.