Астанада Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы Үкіметаралық комиссияның 19-отырысы өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана қаласында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 19-отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр және Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Хоким Холикзода тең төрағалық етті.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Роман Скляр аталған комиссия Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды құралына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, күн тәртібінде екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдету, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру, сондай-ақ инвестициялық әлеует пен өңіраралық байланыстарды кеңейту мәселелері бар.
Өз кезегінде Хоким Холикзода бұл форматтағы кездесулердің екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға тың серпін беретінін айтты.
Комиссия отырысы барысында тараптар сауда, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Роман Скляр комиссия жұмысы алдағы жоғары деңгейдегі кездесулерді сапалы дайындауға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Тараптар қабылданған шешімдер екіжақты өзара іс-қимылды барлық бағыттар бойынша нығайтуға және тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды.
Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның келесі, 20-отырысы 2026 жылы Тәжікстанда өтеді.
Айта кетейік, Тәжікстан қазақстандықтарға 100 білім грантын бөлді.