Астанада Қазақстан–Ауғанстан сауда байланыстарын кеңейту жолдары талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген Ауғанстан сауда және өнеркәсіп министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Онда сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Көлік-логистика, геологиялық барлау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру және тағы басқа салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге назар аударылды.
Отандық тауарлар экспортын әртараптандыруға баса назар аудара отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі шаралар қаралды. Қазақстан Ауғанстанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Өткен жылы тауар айналымы $545,2 млн-ды құрады, оның ішінде қазақстандық өнімнің экспорты – $527,7 млн.
Тургунди-Герат трансауған темір жолын салу мәселелері талқыланды. Жобаны іске асыру өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Ауғанстан Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көпір болып саналады және «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқара алады. Ауғанстан аумағында қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, өндіру және өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға отандық компаниялардың қатысу жоспарлары қаралды.
Цифрландыру саласында қазақстандық тарап Ауғанстанда жаңа технологияларды енгізу бойынша консультациялар мен стратегияларды бірлесіп әзірлеуді жалғастыратын болады.

— Қазақстан өңірдің орнықты дамуы үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін шоғырландыруға ұмтылады. Бүгінде еліміз Ауғанстанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына кіреді және Ауғанстандағы азық-түлік дағдарысын еңсеру бойынша халықаралық серіктестермен және ұйымдармен белсенді ынтымақтасады. Қазақстан Ауғанстан нарығына астық пен ұнның сенімді жеткізушісі болып қала береді. Астықтың басқа түрлерін, мал шаруашылығы өнімдерін, кондитерлік және ұн өнімдерін жеткізуді бастауға дайынбыз. Жалпы, біз тауарлар номенклатурасын кеңейтуге мүдделіміз. Сол үшін Гераттада «Қазақстанның сауда үйін» аштық және Кабулда да қазақстандық сауда үйін ашуға ниеттіміз, — деді Олжас Бектенов.
Нуриддин Азизи Ауғанстанның Қазақстанмен бірлескен жобаларды іске асыру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілігін жеткізді. Кездесуге қатысушылар қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасын Ауғанстан нарығына экспорттау перспективаларын ерекше атап өтті.
— Қазақстан біз үшін сауда саласындағы маңызды әріптес болып саналады. Бұл бағытта біз бірлесіп іске асыруға болатын әлеуетті көріп отырмыз. Бізді IT саласындағы қазақстандық технологиялар, ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс қызықтырады. Сіздердің өнімдеріңіздің сапасы басқа елдермен салыстырғанда ең жоғары.Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасына да қызығушылық бар, — деп атап өтті Нуриддин Азизи.

Бұдан бөлек, жақында Алматыда ашылған БҰҰ Өңірлік орталығының Орталық Азия және Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі қызметіне назар аударылды, ол өңірдің тұрақтылығын нығайтуға және қарқынды дамуына елеулі үлес қосады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық перспективалы бағыттар бойынша жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту ниеттерін жеткізді.
Бұған дейін Үкіметте ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастық талқыланды