Астанада қазақтың әйгілі күйші-композиторы Қазанғаптың 160 жылдығына арналған кеш өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 сәуірде Қазақ ұлттық өнер университетінің Ф. Шопен залында қазақтың әйгiлi күйшi-композиторы Қазанғап Тілепбергенұлының 160 жылдығына арналған «Көкейге түскен көкілжан» атты күй кеші өтеді. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Бұл күй кешінің басты құндылығы - күйшінің шәкірттері арқылы ел арасында сақталып, бүгінге жеткен күйлерінің мейлінше толық қамтылуында және де күйлер өзінің шығу тарихымен орындалмақ.

Қазанғап Тiлепбергенұлы (1854-1927) Арал теңізі, Құланды түбегiнiң Ақбауыр деген мекенiнде туып өсен. Домбыраны жастайынан жанына серік еткен Қазанғап өзiнiң сезiм-түйсiгiн күй тiлiнде елге жеткізуді машық етедi. Оң-солын тани бастағанда күйге бiржола өмiрiн арнамақ болып, ата-анасының батасын алады. Төреш, Орынбай, Құрманияз, Үсен төре сияқты әйгiлi күйшілермен кездеседi. Арал алабын, Үстiрт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Шалқар, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңiрегiн шарлап, ел iшiндегi күй сарындарын көкiрегiне сiңiредi. Небiр додалы күй сайыстарына түсiп, өнерiн шыңдайды. Мұның бәрi Қазанғап бойындағы тегеурiндi дарынның жарқырай көрiнуiне, шабыт тұғыры болуына себепшi болады.

Қазанғап шығармашылығының шоқтығы биік «Күй шақырғыш ақжелең» күйі, он алтыншы жылғы патша жарлығына байланысты ел күйзелісі сарынын жеткізген «Жұртта қалған», «Сен кеткенде, мен қайтем», «Қош бол, балам», Қазан төңкерiсiнен кейiнгi ел өмiрiнiң түбiрлi өзгерiстерiн ұлы көшке теңеген "Учитель" күйі, «Қаратөс», «Балжан қатын» сияқты арнау күйлерi, жануарларларға арналған «Торы ат», «Сауран көк», «Торы жорғаның бөгелек қақпайы», «Шымырауыл құс», өмiрдiң мәнi мен сәнi туралы «Құс қайтару», тағдырды суреттейтін «Көкейге түскен көкілжан» бүгiн мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады.

Қазанғаптың күйлерін насихаттап, халқымен қайта қауыштырған өнерпаздар жайлы айтқанда, Қадырәлі, Жұмалы, Жәлекеш, Райымберген, Келбет, Дәулеткелді, Әбдіғали т.б. күйшілерді атай аламыз. Солардың ішінде Қазанғаптың немере шәкірті Бақыт Басығараевтың орны ерекше. Шындығында Қазанғаптың әрбір күйінің тарихын айта отырып, оны күйдің табиғи болмысымен жұптастыра білген және орындау барысында күйшілік өнердің табиғатын аша білген бірден-бір тұлға Бақыт Басығараев болатын. Міне, енді осындай тұлғаның ұрпағы Еділ Бақытұлы Басығараевтың әке жолын қуып көш жалғастыруы заңды құбылыс.

Еділ Бақыт Басығараев 1970 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бегімбет ауылында дүниеге келген. Жастайынан өнерге құштар болып, әкесінен Қазанғап күйлерін үйренеді. 1987 жылы П.И. Чайковский атындағы музыка училищесіне әдіскер күйші Тілеш Бәділовтің сыныбына түседі, 1993 жылы «Құрманғазы» ұлттық консерваториясында өнертанушы, ғалым-ұстаз Абдолхамит Райымбергеновтің сыныбында оқиды. Ассистентуралыда профессор Қаршыға Ахмедияров сыныбында оқуы жалғасын табады. Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрінде 15 жыл домбыра тобының әртісі қызметін атқарады. Халықаралық және республикалық конкурстардың жүлдегері.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей күйші Бақыт Басығараевтың өнердегі жолын бүгінде ұлы Еділ Басығараев талмай жалғастырып келеді.

Кешке зиялы қауым және қоғам қайраткерлері қатысады.

Соңғы жаңалықтар