Астанада «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясының тұсауы кесілді

СТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, кешқұрым Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында халқымыздың тұңғыш ұлттық антологиясы «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жобасының тұсауы кесілді. Кеш барысында еліміздің күміс көмей әншілердің орындауында жобаға енген әндер мен жырлар шырқалды.
None
None

«Қазақтың 1000 әні» бірегей антологиясы Елбасының «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасы аясында дүниеге келді. Оған қазақтың барлық өңірлерінде (Арқа, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жетісу, Сыр, Шығыс) айтылатын сондай-ақ, шетелдегі қазақтар (Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан) арасында сақталған халық әндері мен халық әнші-композиторларының туындылары түгелге жуық енді. Ел ішінен жазылып алынған ғұрыптық әндер мен қара өлең үлгілері де жұртшылық назарына іріктеліп ұсынылды. Қазақтың асыл мұра, ән қазынасын барынша мол қамтыған бұл тұрпаттағы аса көлемді антология тұңғыш рет шығарылып отыр. Еске салайық, антологияның «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты бірінші томының тұсаукесері 2010 жылдың көктемінде ҚР Президенттік Мәдениет орталығында өткен болатын.

Кешті ашқан ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, өткен ғасырдың басында 1925 жылы профессор Александр Затаевич бүкіл қазақтың даласын шарлап, әніміздің інжу-маржандарын жинап «Қазақтың 1000 әні» атты кітап шығарғанын және кітапта «1000 ән» деп аталғаны болмаса, қазақтың әндері де күйлері де болғанын атап өтті. Соның ішінде 46 әннің мәтіні берілді.

Ән-жобасы дүниеге келген кезде орыстың ұлы композиторы С.Аксаков айтқан екен: «Мұндай мәдени мұра тудырған халық шын мәнінде бақытты халық», деп. Екінші бір орыстың жазушысы М.Горький «1000 ән» жобасын қарап шығып: «Бұл болашақ Бетховендер, Моцарттар, Шопендер, Мусоргскийлер үшін баға жетпес қазына ғой», деп бағалаған. Шындығында солай болып шықты. Брусиловскийдің төрт бірдей операсы - «Қыз Жібек», «Ертарғын», «Жалбыр» мен «Дударайы» «Қазақтың 1000 әні» жинағынан алынған әндерден тұрады. Тек қана «Қыз Жібек» операсында 30-ға жуық қазақтың әндері мен күйлері пайдаланған», деді министр.

Концертте қазақ өнерінің майталман шеберлері КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚР халық әртістері Нұржамал Үсенбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР еңбек сіңірген әртістері Майра Мұхамедқызы, Кенжеғали Мыржықбаев, Бекболат Тілеухан өнер көрсетті. Сондай-ақ, Ақан мен Біржанның, Мұхит пен Ғарифолланың, Кененнің дәстүрін жалғастырушылар - Ержан Қосбармақов, Қарақат Әбілдина, Айгүл Қосанова, Берік Омаров, Бағлан Бәбіжан, Қайрат Байбосынов, Ербол Айтбаев, Гүлмира Сарина және тағы басқалар ән мен жырдан шашу шашты.

Кеш халқымызды рухын жігерлендіретін, еліміздің еңсесін асқақтататын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Бекболат Тілеуханның ұранға айналған «Елім менің» әнімен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар