Астанада кеден саласындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі мәселелерге байланысты семинар басталды
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінде «Кеден органдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстарын жетілдірудің стратегиялық әдістері: Халықаралық тәжірибе» атты семинар басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш шараны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы ЕҚЫҰ-ның Экономикалық және экологиялық үйлестірушісінің офисімен, сондай-ақ Бүкіләлемдік Кеден ұйымымен және еліміздің Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетімен бірлесіп ұйымдастыруда. Осыған орай кеңеске халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардан, мемлекеттік органдар мен еліміздің кеден саласының аймақтық өкілдіктерінен және құқық қорғау органдарынан 100-ге тарта адам қатысуда. Олар екі күнге созылатын семинар барысында кеден саласындағы жемқорлыққа қарсы күрес, оны халықаралық тәжірибе негізінде жетілдіру жолдарын қарастырмақ. Бүгінгі басқосуда халықаралық ұйымдардың өкілдері семинардың тақырыбына байланысты кіріспе сөз сөйлеп, Кедендік бақылау комитетінің бірқатар қызметкерлері осы салада жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы Александр Кельчевскийдің пікірінше, кеден саласында жемқорлық әрекеттерінің орын алуы мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне зор нұқсан келтіріп, әлеуметтік даму қарқынын тежейді, ұлттың дамуына зиянын тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі шараның маңызы аса зор. «Бүгінгі жұмыс барысында мен жемқорлықпен байланысты мәселелерге айтарлықтай тежеу болатын көптеген ұсыныс, пікірлер айтылады деген ойдамын», - деді А.Кельчевский. Кеден саласында жүргізіліп жатқан жемқорлықпен күрес бағытындағы жайттарға тоқталған Кендендік бақылау комитетінің Ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Бауыржан Ақантайдың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда кеден органдарында жеморлықпен күрес жүйелі түрде жүргізілуде. «Олар негізінен кедендік рәсімдеу жұмыстарын оңтайландырып, әкімшілік кедергілерді жою, рұқсат етуге берілетін құжаттар санын кеміту сияқты мақсаттарды қамтиды. Сонымен қатар кеденде жемқорлықпен күрес шараларының алгоритмі дайындалған. Ал жақында кеден саласында жедел басқару орталығы іске қосылды. Ол кедендік бақылау жұмыстарын ашық әрі жариялы түрде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр», - деді басқарма бастығы.