Астанада кептелісті азайту үшін көлік қозғалысы автоматтандырылады
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда әкімдігі Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу және пайдалану қағидаларын бекітті.
Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу мақсаты - Астана қаласының тұрғындары үшін көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету, оның ішінде көше-жол желісінің өткізу қабілеттілігін жоғарылату, апаттылықты азайту, қоғамдық көліктің жұмыс істеу тиімділігін арттыру.
Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесінің міндеттері мынадай:
- көлік жүйесінің пайдалану тиімділігін арттыру;
- көлік ағындарының өткізу қабілеттілігін ұлғайту;
- көліктің әр түрлерін пайдаланумен байланысты жолдағы кідірістерді азайту;
- жолдағы ыңғайлық пен жайлылықты арттыру;
- қоғамдық көліктің көліктік қолжетімділігін ұлғайту;
- жолдың жоспарланған учаскесін өту уақытының сенімділігі;
- жол жүрісі учаскелерінің жалпы және жеке қауіпсіздігі;
- жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- жол жүрісі қатысушыларының қауіпсіздігін ұлғайту;
- жол-көлік оқиғаларының санын қысқарту;
Автоматтандырылған жүйелерді енгізу, пайдалану және басқару жұмыстарын басқарушы компания жүзеге асырады. Жүйені әзірлеп, енгізу туралы шешім қабылданғанға дейін басқарушы компания елордадағы көлік жағдайына кешенді талдау жүргізуі тиіс.
Атап айтқанда, көше-жол желісінің қазіргі жағдайы, оны дамыту және қайта құру жоспарлары, көлік қозғалысының қарқындылығы мен жылдамдығы зерттеледі. Сонымен қатар жолаушылар ағыны, жол қозғалысы қиындайтын учаскелер мен жол-көлік оқиғалары жиі болатын орындар туралы статистика ескеріледі.
Зерттеу барысында таңғы және кешкі уақыттағы, сондай-ақ маусымдық кезеңдердегі көлік жүктемесі де талданады. Көше-жол желісінің жекелеген учаскелерінің өткізу қабілетіне сұраныс пен көлік ағындарының қозғалысы бойынша деректер жиналады.
Бұдан бөлек, интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарланған аумақтың топологиялық картасы әзірленіп, көлік құралдарының түрлері бойынша қозғалыс қарқындылығы мен жылдамдығы сараланады.
Жаңа автоматтандырылған жүйе арқылы көлік қозғалысын ұйымдастыру кезінде жол қауіпсіздігі, көлік ағынының тиімділігі және қоғамдық көліктің қозғалысы бойынша көрсеткіштер ескеріледі.
Бұған дейін елорда әкімдігі екі деңгейлі жолайрық салу жобасына қатысты түсінік берді.