Астанада Керей мен Әз-Жәнібек хандарға және Абайға ескерткіштер орнатылады

Бас қаламыздың ажары сондай-ақ, ақын Абай Құнанбайұлына арнап тұрғызылатын ескерткішпен де нұрлана түспек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін «Астана бас жоба» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында өткен жылдың желтоқсаны мен 2010 жылғы қаңтардың 8-і аралығында өткізілген Керей мен Жәнібек хандарына және ақын Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштер жобаларының ең үздік эскиздік-идеяларына жарияланған республикалық байқаудың нәтижелері шығарылды.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамына елорданың бас дизайнері мен бас сәулетшісі, суретшілер, мүсіншілер мен жазушылар кірді.
Байқауға барлығы 30 жоба ұсынылды. Оның 20-сы - А.Құнанбайұлына, қалған 10-ы - Керей мен Жәнібек хандарына арналды.
Ұзақ талқыдан кейін, қазылар алқасының шешімімен, ұлы Абайға арналған ескерткіш бойынша бірінші орынды - алматылық Болат Досжанов, хандардың ескерткіші бойынша - астаналық Ринат Әбенов жеңіп алды. Жеңімпаздарға жүлделі орынмен бірге, 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Ескерткіштердің жобалары алдағы жарты жыл бойы антропологтар мен этнологтардың жіті талдауына түсетін болады. Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы үлгіні бекіткеннен кейін, қазақ әдебиетін әлемге әйгілеген ойшыл, ақын А.Құнанбайұлының ескерткіші Бейбітшілік және Абай көшелерінің қиылысында, яғни Туризм және спорт министрлігінің алдында бой көтеретін болады. Ал Керей мен Әз-Жәнібектің композиялық мүсінін халық «Хан Шатыр» кешеніне қарама-қарсы орналасқан «Ғашықтар» саябағынан тамашалай алады.
Елорданың бас сәулетшісі Сәрсембек Жүнісовтың атап көрсеткеніндей, қоладан құйылатын ескерткіштерге тапсырыс қазақстандық зауыттарға берілетін болады.
Ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлының айтуынша, хандарға қатысты жобаларда таңдау - Өзбек ұлысы тарқағаннан кейінгі кезеңде, ердің үстінде отырған Керей ханның Туды тігу керек жерін қолмен нұсқап тұрған, ал Жәнібектің сол Туды жерге орнатып тұрған композициясына берілген. Қ.Салғараұлы, автор сол кездегі қазақ батырларының рухын барынша жеткізуге тырысқандығын айтады.
Ал Абайдың алысқа қарап тұрған мүсінінен біліммен рухтанған терең ой үстіндегі ақынның салмақты келбетін көруге болады.