Астанада Кипр Республикасының елшілігі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Кипр Республикасы Президенті Никос Христодулидистің Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары аясында Астанада Кипр Республикасы елшілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

Астанада Кипр Республикасының елшілігі ашылды
Фото: СІМ

Бұл оқиға Қазақстан мен Кипр арасындағы екіжақты қатынастардың дамуындағы маңызды белес болды.

Қазақстандағы Кипр елшілігі – Никосияның Орталық Азиядағы алғашқы дипломатиялық өкілдігі. Бұл қадам Қазақстанның өңірдегі Кипрдің маңызды серіктесі ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді әрі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Кипрдің Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, елшіліктің ашылуы Орталық Азия мен Жерорта теңізі өңірі арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететінін айтты.

Өз кезегінде Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбос Кипрдің өңірдегі алғашқы дипломатиялық өкілдігінің ашылуының маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дәйекті түрде дамитынына сенім білдірді. 

Айта кетелік Кипр Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары аясында екі елдің білім, ғылым, цифрландыру, мәдениет, спорт және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды