Астанада Қытай шеберлері жібектен тоқыған киімдердің сән үлгісі көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Ұлттық музей Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Ұлттық жібек музейімен 5 жылдық меморандумға отырмақшы.

Бұл туралы Қытай ұлттық жібек музейі директорының орынбасары Чжан Чэнмин астанада өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолы: Мәдениеттер диалогы» атты халықаралық ғылыми конференцияда айтты.
— Қытай ұлттық жібек музейі Чжэцзян провинциясының Ханчжоу қаласында орналасқан. Бұл Қытайдың оңтүстік-шығысындағы ірі тоқыма және жібек музейі болып есептеледі. Бүгінгі конференция Қазақстан-Қытай туризмі аясында өтіп отыр.
«Жібек пен Жібек жолы: Қытайдан — Қазақстанға дейін» деп аталатын көрме әкеліп отырмыз. Көрмеден бөлек сала сарапшылары, қолөнершілер, ғалымдар пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін конференция өтіп жатыр, — деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айтуынша, аталған музей осыдан 15 жыл бұрын Астанада алғаш рет көрме ұйымдастырған екен.
— Ал биылғы көрме Қазақстанда біз өткізген ең ауқымды көрме болып отыр. Өйткені осындағы Ұлттық музей бізге 1000 шаршы метрден астам алаң ұсынып отыр. Музей қонақтарының назарына 145-тен астам экспонат қоюға мүмкіндік алдық. Көрменің сыртында осы жерде жібек киімдердің сән үлгісін паш етеміз.
Бұдан бөлек Ұлттық музеймен меморандумға қол қоймақшымыз. Оның аясында алдағы 5 жылда жыл сайын Ұлттық музейге келіп көрме өткізіп отырамыз, — деді Чжан Чэнмин.
Бұған дейін Ұлттық музей Италиядағы реставрация институтымен әріптестік орнататынын жазған едік.