Астанада Қытайдың Жапон басқыншыларына қарсы жеңісіне арналған фотокөрме ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай халқының Жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлттық тәуелсіздік пен әлемдегі бейбітшілік үшін» атты фотокөрмесі бүгін Астанада ашылды.

Іс-шараны Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.

Аталған фотокөрме төрт бөлімнен тұрады және жалпы 125 құнды тарихи сурет қойылған. Көрме фотосуреттер мен мәтіндерді ұштастыра отырып, Қытай халқының 14 жылдық жанқиярлық күресін қайта жаңғыртады және Қытайдың әлемдік антифашистік соғыстағы тарихи орны мен маңызды үлесін айқындайды.
Ашылу салтанатында ҚХР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин сөз сөйлеп, Қытай халқының фашизмге қарсы күрестегі тарихи рөлін атап өтті.

— Қытай Коммунистік партиясының басшылығымен Қытай әлемде ең алғаш болып фашизмге қарсы соғыстың отын тұтатты. 14 жылға созылған ауыр шайқастардан кейін бүкіл халықтың қаһармандық күресі арқылы ұлы Жеңіске қол жеткізілді, — деді Елші.
Қазақстан Қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков өз кезегінде Қытай мен Қазақстан халықтарының фашизмге қарсы соғыстағы ортақ тарихына тоқталды.

— 1937 жылдан бастап Қытай халқы жапон басқыншыларына қарсы жанқиярлықпен күресті. Сегіз жылға созылған соғыс миллиондаған адамдардың өмірін алып кетті. Халықтың табандылығымен қаһармандығы Жапония милитаризмінің тоқтатуына ықпал етіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісіне үлес қосты, — деді ол.
Сонымен қатар ол Қазақстан халқының да осы тарихи күреске белсене қатысқанын атап өтті.

— Сол кезеңде Кеңес Одағының құрамында біздің жерлестеріміз Қиыр Шығыс майданына аттанып, мыңдаған қазақстандық сарбаз 1945 жылғы тамыздағы Маньчжурия операциясына қатысты. Олар Жапон Квантун армиясын талқандауға қатысып, Азиядағы соғысты аяқтауға үлкен үлестерін қосты, — деді генерал-майор.
