Астанада қызылшаға қарсы вакцина алмаған балалар жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылмайды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызылша ауруының таралуына тосқауыл қоюға арналған жаңа қаулыға қол қойды. Бұл ретте балаларға екпе салудың қосымша іс-шаралары ұйымдастырылмақ. 

вакцина
Фото: Астана әкімдігі

— Соңғы 3 апта ішінде қызылшаның 403 расталған жағдайы тіркелді, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 25,5 болды. 2026 жылғы алдыңғы аптамен салыстырғанда ауру жұқтырудың 2,8 есе өсуі байқалды. Жас ерекшелік құрылымы бойынша науқастардың 96 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде: 28% — 1 жасқа дейінгі, 60% — 1-4 жас аралығында, 6,4% — 5-9 жас аралығында, 1,5% — 10-14 жас аралығында, 1,7% — 15-19 жас аралығында, 2,7% — 20 жастан асқандар, — делінген ведомство ақпаратында

Құжатта ауру жұқтырғандар арасында 95 пайызында (385 жағдай) екпе салдырмаған балаларды қамтыды. Оның арасында вакцинадан бас тарту себебінен — 257 жағдай (63,8%), жасына жетпеуіне байланысты егілмегендер — 112 бала (28%), егу мүмкіндіктерін өткізіп алу — 9 жағдай (2%), сондай-ақ медициналық қарсы көрсетілімдер — 7 жағдай (1,8%).

— 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің қызылшаға қарсы егілу деңгейіне талдау жүргізіп, ата-аналардың (заңды өкілдерінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін, екпе алмаған балалар мен жасөспірімдерге қосымша иммундау жүргізу;

— 55 жасқа дейінгі медициналық қызметкерлер арасында қызылшаға қарсы егілу мәртебесіне талдау жүргізу. Вакцинациясы жоқ немесе егілу мәртебесі белгісіз болған жағдайда, екпе алатын адамның келісімін алғаннан кейін, қызылшаға қарсы вакцинация жүргізуді қамтамасыз ету;

— Ата-аналардың (заңды өкілдердің) келісімін алғаннан кейін, 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қызылшаға қарсы қосымша вакцинация жүргізу;

— 1 жаста және 6 жастағы нысаналы жас топтарындағы балаларды қызылша, қызамық және паротитке қарсы профилактикалық екпелермен қамтудың оңтайлы деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз ету;

— Балалар стационарларына жоспарлы түрде жатқызуды тек қызылшаға қарсы вакцинацияның болуы кезінде жүзеге асыру.

Айта кетейік, Астанада қызылша ауруының тіркелуі әлі де жалғасып жатқанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар