Астанада қоғамдық көлік саласындағы түйткілді мәселелердің беті ашылды

Кеңейтілген тыңдауға Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Ардан, елорданың жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Егембердинов және елордадағы автобус парктерінің басшылары қатысты.
Қала тұрғындарының алдында жолаушылар көлігі саласындағы ағымдағы ахуал, енгізіліп жатқан инновациялар мен даму және туындаған мәселелерді жою мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Ардан баяндама жасады.
Оның айтуынша, қала бойынша 3500 км жолға барлығы 81 бағдар жұмыс істейді, олар күнделікті негізде 870 мың жолаушыға қызмет көрсетеді. Шаһардағы аялдама бекеттерінің саны - 1119, соның 760-сының павильондары бар, қалғаны жабық типтегі және павильондарсыз. Қала тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарды талқылауға ұсынды. Астаналықтардың шағымдарын құзіретті мамандар қабылдап, барлық мәселелерді барынша қысқа мерзімде пысықтауға уәде берді. Ал жолаушылардың қалалық бағдарлардың аралық уақытының ұзақтығына қатысты шағымдарына автобус парктерінің өкілдері қарбалас сәттерде автобустардың кешігуіне жол қиылыстарындағы қозғалыстың қолмен реттелетіндігі, қар жинау жұмыстары және жеңіл автокөліктердің көптігі әсер ететінін жеткізді.
Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның айтуынша, көтерілген мәселелердің барлығы қала басшылығының ерекше бақылауына алынып, жыл басынан бері кезең-кезеңмен жойылатын болады. Сонымен қатар, 2017 жылдың наурызында жаңа автобустар сатып алынады, бұл қалалық көліктің сервисі мен сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Апатты жағдайдағы автобустар қатардан шығарылады. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі басталғанға дейін шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер нақтыланды, деп хабарлайды astana.kz.