Астанада қонақүйдің кәріз жүйесінен шала туған нәрестенің денесі табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Осы дерек бойынша 29 жастағы әйел ұсталды.
Полиция қонақүйдің кәріз жүйесінен шала туған нәрестенің денесі табылғанын айтты.
— Осы дерек бойынша 29 жастағы әйел ұсталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, — делінген жауапта.
Полицияның мәліметінше, осы оқиғаға байланысты қонақүй иесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық және өзге де құқық бұзудың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыным енгізілген.
Сондай-ақ қонақүй орналасқан аумақ учаскелік полиция инспекторларының тұрақты бақылауына алынған.
— Құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында профилактикалық іс-шаралар мен тексерулер жүйелі түрде жүргізіледі. Сонымен қатар қонақүй әкімшілігімен және онда тұрып жатқан азаматтармен түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Заңнамада көзделген барлық қажетті шара қабылданып жатыр, — делінген департаменттің ресми жауабында.
Айта кетелік биыл жыл басынан бері осы қонақүйге қатысты «102» арнасына 19 хабарлама түскен. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім етті.
Полицияның мәліметінше, түскен хабарламалардың барлығы тексерілген.
— Биылғы жылдың басынан бері аталған қонақүйге қатысты «102» арнасына 19 хабарлама тіркелді. Тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тағы 3 адамға әкімшілік шара қолданылды, — делінген департаменттің ресми жауабында.
Айта кетелік Ақтөбеде сәбиін қоқысқа тастап кеткен анаға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді.