Астанада Конституция күніне орай полиция қызметкерлері марапатталды
АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана қалалық Ішкі істер департаменті Қазақстан Конституциясының 15 жылдығы мерекесі атап өтілді.
Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бастығы Марат Демеуов қызметте жоғары кәсіби біліктілік үшін бір топ полиция қызметкерін марапаттап, оларға алғыс білдірді.
Жалпы «ІІМ-дегі Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен 28 қызметкер, ІІД грамоталарымен 25 қызметкер, бағалы сыйлық - сағаттармен 11 қызметкер марапатталды. Сонымен қатар 38 полицейге алғыс жарияланып, 16-сы бұрындары жарияланған жазаларынан босатылды.
«Қазақстанның Ата Заңы - Конституцияға 15 жыл толғалы отыр. Бұл біздің мемлекетіміздің елдігін білдіретін бас құжат, сонымен қатар ол біздің азаматтарымыздың құқығы мен бостандығын қаматамасыз етеді», дейді М. Демеуов.
Оның айтуынша, алдағы жоғары деңгейде аталып өтілетін мерекелер, ЕҚЫҰ саммиті, Азиада-2011 шаралары барысында департамент қызметкерлері абыройлы қызмет көрсетіп, қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Департамент қабырғасында аталған мерекеге орай түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Солардың бірі, тамыздың 25-і күні құқықтық білімді жоғарылату, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, Қазақстан полициясының оң имиджін нығайту мақсатында өткен «Үздік жедел қызметкер» және «Үздік тергеуші» аталымдары бойынша байқауды атап өтуге болады. Сондай-ақ қалалық ішкі істер департаментінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің салтанатты ант қабылдау рәсімі өткізілді.