Астанада ҚР ҮИИД бағдарламасы шеңберінде 19 жоба жүзеге асырылуда - әкім орынбасары

Астана қаласының 2011-2015 жылдардағы даму бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда деп хабарлады сейсенбі, 2012 жылғы 26 маусым күні елорда әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов бесінші шақыртылымдағы Астана мәслихатының бесінші сессиясында.
«Өткен жылдың қорытындылары негізгі индикаторлар мен көрсеткіштердің өскенін көрсетіп отыр. Осылайша, қаланың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 2011 жылы 11,9%-ға артып, 2 298 млрд. теңгені құрады. ЖӨӨ бір жылда 21,8 мың АҚШ долларына дейін ұлғайды», - деп атап өтті ол өз баяндамасында.
«Елорданың Даму бағдарламасын жүзеге асыру 2011 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы өсімінің индикаторын әлдеқайда асырып орындауға мүмкіндік берді - жоспарланған 7%-дан кем емес көрсеткіш деңгейінен Астана ЖӨӨ 2011 жылдың қорытындысы бойынша 12% өсімді көрсетті», - деп жалғастырды Е.Қожағапанов.
«Сонымен қатар, ҚР Үкіметі 2011 жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу тиімділігіне баға берді, оның нәтижесінде Астана барлық өңірлер арасында 2 орынға ие болды. Сондай-ақ Бағдарлама шеңберіндегі негізгі көрсеткіштер бойынша жыл сайынғы Қазақстан аймақтарына рейтингтік баға беруде даму деңгейі бойынша Астана екінші жыл қатарынан алғашқы сатыдан көрініп келеді және әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғары аймақтар санатына енеді», - деп хабарлады ол.
Е.Қожағапанов өндіріс көлемі мен қызмет және тауар айналымының артқанын атап өтті. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 164 млрд. теңгеге жетті, өсім 121,4%-ды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік секторында 2011 жылы 887 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, қызмет көрсетілген. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артық. 2011 жылы сауда айналым деңгейі 9,2%-ға, ал сыртқы сауда айналымы 20%-ға ұлғайды.
Астанада ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 19 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда инвестиция көлемі 15,3 млрд.теңгені құрайтын 5 нысан пайдалануға берілді, бұл 850 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
2011 жылы қаланың негізгі капиталына 570 млрд. теңге инвестиция тартылған, өсім 35,7%-ды құрап отыр. Құрылыс нысандарына 355 млрд. теңге, соның ішінде тұрғын үй құрылысына 75 млрд. теңге инвестиция құйылған.
2012 жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 198 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың осындай кезегімен салыстырғанда 50,7%-ға артық.
«Ағымдағы жылы «Moodys» агенттігі елордаға «тұрақты» деген болжаммен Ваа3 шетелдік және ұлттық валютада ауқымды бағам бойынша халықаралық несиелік рейтинг берді. Рейтинг «инвестициялық» санатына жатады», - деді Е.Қожағапанов.
2011 жылы 17,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды, соның үштен екісі шағын бизнес саласына тиесілі. Жұмыссыздық деңгейі 5,8%-ды құрады, 2010 жылы бұл көрсеткіш 6,2% болған.