Астанада күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен күрес әлемі ұйымы (UWW) 2026 жылғы күрес түрлерінен әлем чемпионатын өткізетін қала ретінде Астана қаласын ресми түрде бекітті.

а
Фото: UWW

Тиісті шешім ұйымның Атқарушы комитеті отырысында қабылданды.

Жиын барысында қазіргі геосаяси жағдай мен халықаралық сапарларға әсер етіп отырған өзге де қиындықтар талқыланған.

Бастапқыда әлем чемпионатын былтыр өткізу құқығына ие болған Манама қаласы ұйымдастыруы тиіс еді. Алайда UWW мен Бахрейн күрес федерациясы бірлескен мәлімдеме жасап, турнирдің басқа елге ауыстырылғанын хабарлады.

Инспекциялық сапарлар мен спорт нысандарының дайындығын бағалау қорытындысы бойынша әлем чемпионатын өткізу құқығы Қазақстанға берілген.

Дүбірлі дода Барыс Арена кешенінде өтеді.

Айта кетейік, Қазақстан астанасы бұған дейін де 2019 жылы күрес түрлерінен әлем чемпионатын өткізген болатын.

Турнирдің нақты кестесі мен жарысты ұйымдастыруға қатысты өзге мәліметтер кейінірек жарияланады.

Бұған дейін Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын балуандар белгілі болды.