Астанада Қытайдың ең танымал көрмесін тамашалауға болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі - Тәуелсіз Қазақстанның ең көлемді жобасы. Бүгінгі таңда көрме аясында музейлер мен мәдениет орындарында, спорттық кешендер мен кітапханаларда қатарынан бірнеше іс-шаралар өтуді. Астанаға республикамыздың түрлі аймағынан келген қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар көрме аясындағы түрлі мәдени-ойын-сауықтық өмірге белсене араласып келеді.
Шетелдік меймандар мен отандастырымыздың жиі баратын орындарының бірі - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі. Және бұның өзіндік себебі бар. Ұлттық музей төрінде күнделікті жаңа бір көрменің есігі ашылып отырады. Бұгінгі таңда онда «Қытайдың Цинь Шихуанди императорының Терракота әскері» атты көрмесі өтуде. Аталмыш көрме келушілерге өз есігін маусым айының 10-да ашты және қыркүйектің ортасына дейін жалғасады.
Басты мақтаныш - бұл көрменің Орталық Азия елдеріндегі алғашқы ашылуы дәл біздің елімізде орын алып отырғандығы. Қытайда «Терракота әскерін» көргісі келетіндер үлкен кезекте тұратыны белгілі. Кешеннің өзі үш мұражай мен қазба жұмыстары жалғасып жатқан үш павильоннан құралған. Естеріңізге сала кетейік, Цинь династиясының билік еткен уақыты - Қытай империясында экономика, мәдениет, басқа елдермен қарым-қатынас белсенді дамыған кезең.
«Қытайдың Цинь Шихуанди императорының Терракота әскері» атты көрмесінің негізгі мақсаты- келушілерді әлемдік өнер жауһары б.з.д. 2010-2009 жылдары жасалған Цинь династиясының терракот мүсіндерімен таныстыру. 1987 жылы бұл мүсіндер ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізілген.
«Терракот әскері» дегеніміз - қабір атауы. Ол Сиань қаласындағы Цинь Шихуанди императорының кесенесі жанында орналасқан. Бұнда жерленген 8099 қытай жауынгерінің және олардың аттарының мүсіндері табылған.
Б.з.д. 2010-2009 жылдары жасалған Цинь династиясының терракот мүсіндерін 1974 жылы жергілікті шаруалар тапқан. Тарихи маңызы жоғары жәдігерлерге шаруалар Лишань тауының шығыс жағынан артезиан ұңғымасын қазып жатқан кезде тап болған.
Айта кетейік, бұл жауынгерлердің мүсіндері нағыз өнер туындысы болып табылады. Өйткені олардың әрқайсысы жеке-жеке тәртіппен әртүрлі тәсілдерді қолдану арқылы қолдан жасалған. Әрбір жеке мүсіннің кескіні, тіпті бет келбеттері де қайталанбайды.
Сондай-ақ, көрмеге 50-ге жуық археологиялық бұйымдар қойылды. Олардың ішінде әскерлердің мүсіндері, қару-жарақтар, жабынқыштар, ыдыс-аяқтар, алтын және күміс әшекейлер бар.
Сонымен қатар, Ұлттық музейде «Бейбарыс сұлтан және оның дәуірі» көрмесі өтуде. Бұл көрменің басты мақсаты- келушілерді Мысыр мен Сирияға билік жүргізген мәмлүк сұлтаны Бейбарыс сұлтанның өмірімен және тарихымен таныстыру.
Көрмеге аты мен даңқы әлемге мәлім Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу турасындағы тарихын баяндайтын жәдігерлер қойылады. Олар Мысырдың Каир қаласындағы Ислам өнері музейіндегі жинақтан алынған.
Естеріңізге сала кетейік, Бейбарыс Сұлтан - ел тізгінін 17 жыл бойы ұстаған Мысырдың ұлы билеушісі. Тарихи деректерге сүйінсек, Бейбарыс Сұлтан билік құрған жылдары Мысыр қуатты мемлекетке айналды. Арналар, кеме жасау верфтері, елдің шекараларында әскери бекіністер, Каирде сарайлар мен мешіттер салынды, қолөнері, егіншілік, ғылым, сауда, өнер дамыды.
ҚР Ұлттық музейіндегі көрмелер ЭКСПО көрмесінің соңына дейін жалғасады.