Астанада лифтіде шабуылға ұшыраған баланың жағдайы жақсарды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада тұрғын үй лифтінде шабуылға ұшыраған баланың денсаулығы жақсарып келеді, бүгін дәрігерлер жарақат тігістерін алуды бастады.

— Бүгін тігістердің басым бөлігі алынды. Баланың жағдайы қанағаттанарлық, өзін белсенді ұстауда. Қашан үйге шығаратыны белгісіз. Бәрі тексерістен кейін анықталады, — деп түсіндірді № 2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Юсуп Гусейнов.
Айта кетейік, елордадағы тұрғын үйлердің бірінің лифтінде жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады.
Шабуыл жасаған жасөспірім арнайы психоневрологиялық есепте тұрған.
Гештальт-психолог Лейла Мирас психикасы дертке шалдыққан, яғни қауіпті болуы мүмкін адамды қалай байқап, қалай сақтану керектігі туралы кеңес берді.