Астанада логистика эталоны болуы тиіс - Ч. Измайлов
Атап айтқанда, бұрынғыны жаңғыртуға, яғни Ұлы Жібек жолын жаңғырту жұмыстарына Қазақстан соңғы жылдары белсенді кірісіп отыр. Осы тарихи магистральдің қауқарлығын дамытудың астарында ел экономикасының түрлі салаларын жаңа серпінмен дамыту жатқанын ескеріп өткен жөн. 2009 жылдан бері ел аумағында іске асырылып жатқан Ұлы Жібек жолын қайта тірілту мега жобасы барысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы дәлізінің құрылысы атқарылуда. Жалпы ұзындығы 8 445 шақырымға (Қазақстан арқылы өтетін дәліздің ұзақтығы 2 787 шақырым) созылған жолдың инфрақұрылымы толық қалыптасқаннан кейін бұл мега жоба әлем назарында болатыны сөзсіз.
Атап айтқанда, бүгін Астанада Қазақстан көлік күндері аясында өткен «ТРАНСЕУРАЗИЯ» халықаралық конференциясы барысында болған баспасөз мәслихатында ТМД-ның Көліктік үйлестіру кеңесі атқарушы комитетінің төрағасы Чингиз Измайлов еліміздің көліктік әлеуеті жоғары екенін баса айтты. Оның пайымдауынша, Қазақстанда логистика эталонын орналастыру қажет. «Мәселен, уақыт эталоны Лондонда орналасқан. Метрикалық өлшем жүйесінің эталоны Парижде орын теуіп отыр. Ал Қазақстан Еуразиялық құрылықтың дәл орталығында орналасқандықтан, менің ойымша, логистика эталоны Астанада құрылуы тиіс. Мен мұны бекерден айтып тұрғаным жоқ және көлік саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет жасағанымды ескере отырып, осы ұсынысты дұрыс деп санаймын»,-деп түйіндеді сөзін Атқарушы комитеттің төрағасы.
Соңғы кезде ғалымдар 21 ғасыр логистикаға негізделеді деген пікірді жиі айтып жүр. Атап айтқанда, осы ой-тұжырымды толықтай құптаймыз десек қателеспейміз, себебі бүгінде көптеген іскер топтар алдымен логистиканы көптеген проблемаларды шешетін фактор ретінде қарастырады. Ал жаһандық деңгейдегі бизнесте логистиканың маңызды рөл атқаратыны айтпаса да белгілі. Жалпы бұл сала түрлі жүйедегі материалдық, ақпараттық және қаржылық ресурстардың қозғалысын жоспарлау және басқару, қадағалауға ықпал етеді.
Атап айтсақ бүгінде жүктердің негізгі бөлігін құрайтын Қытай секілді елдер мен Еуропаның тұтынушы нарығы транзиттік мемлекеттер тарапынан жаңа тетіктермен ұсыныстарды қажеттілік етеді. Сондықтан да осы мүмкіндікті қалт жіберместен Қазақстан көлік саласында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыруға кірісіп те кетті.
Осыны ҚР Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиевтің сөзімен жалғайтын болсақ, Қазақстан үшін басты халықаралық нүкте Қытаймен Достық-Алашанкоу халықаралық темір жол шекаралық өтпесі болып табылады. Қабылданған шаралар нәтижесінде Ақтоғай-Достық учаскесінің және Достық-Алашанкоу шекаралық өтпесінің өту қабілеттілігі артатын болады. Яғни, осы өтпенің көрсеткіші 2011 жылы 16,5 млн. тоннаға дейін, ал 2020 жылы 20 млн. тоннаға дейін жоғарылайды. Сонымен қатар, Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағытында жаңа маршруттарды қалыптастыру қазақстандық өнім үшін де, трназиттік жүктер үшін де табысты іске асырылып жатқан Жетіген-Қорғас және Өзен-Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы теміржол жабалары жақсы мүмкіндік береді.
Енді осы орайда министрлік жан‑жақты ашып көрсеткен алдағы көрсеткіштерге кеңінен тоқталсақ, 2015 жылға қарай Қазақстанның көлік дәліздері арқылы өтетін жүк транзиті 25 млн. тоннаға жетеді екен.
Б. Камалиевтің сөзінше, 2010 жылы Қазақстанның көліктік дәліздері арқылы жүк транзиті 15 млн. тоннаны құрады. Транзиттен түскен жалпы кіріс шамамен 900 млн. АҚШ долларына жуықтады. «2015 жылы еліміздің аумағы арқылы, яғни жер көлігі арқылы өтетін транзит көлемі 25 млн. тонна көлемінде жоспарланып отыр», - деп атап өтті министр. Сол белгіленген мерзімде транзиттен түсетін жалпы кіріс 1,4 млрд. АҚШ долларына дейін өседі. Бұл көрсеткіштер инфрақұрылымды дамыту және транзит үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен қамтамасыз етілмек.
Мәселен, Тәуелсіздік жылдары көлік-коммуникациялық кешеніне елеулі инвестиция тартылғаны мәлім. Мемлекеттің ішкі жалпы өнімінде көлік саласының үлесі осы жылдары орташа алғанда 9 пайызды құрады. Соңғы он жылда көлік-коммуникациялық кешенді дамытуға 9,5 млрд. АҚШ доллары құйылды. Көлік саласына 4,2 млрд. АҚШ доллары көлемінде халықаралық қаржы институттарынан заемдар тартылды. Осы жылдары тасымалданған жүк көлемі 2,5 млрд. тоннаға немесе 1,8 есеге артты. Қызмет көрсетілген авиажолаушылар саны 6 млн. жолаушыға дейін немесе 5,5 есеге көбейді. Ал теміржолдың өткізу қабілеттілігі 260 млн. тоннаға дейін артты. Жалпы алғанда қазақстандық ықпалдастық үрдістерді халықаралық көліктік жүйеге енуін жылдамдату және елдің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында көліктік қызмет көрсететін бәсекелі орта құрылды. Атап айтқанда, жолаушылар мен жүк тасымалына деген сұраныстың деңгейі жаман емес. Ендігі кезекте елеулі басымдыққа ие болып отырған тарихи магистраль Ұлы Жібек жолы бойымен өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» мега жобасын толығымен іске асырып, оның жемісін көру. Осы сенімді көліктік күретамырды құру арқылы Азия мен Еуропа елдерінің көліктік саясатында Қазақстан негізгі басымдыққа ие болатынын хақ.