Астанада М. Жұмабаевқа арнап ескерткіш орнату қажет - ҚР Журналистер одағының мүшесі Р.Жүніс
АНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өткен жылдың желтоқсан айында Қызылжар қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің 90 жылдық мерейтойы өтіп, мерекелік шара аясында ақынға арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсім болды. Осыған орай біз торқалы тойдың құрметті қонағы болған ҚР Журналистер одағының мүшесі, Мағжан Жұмабаев өмірін зерттеуші Роза Жүніспен жолығып, әңгімелескен едік
Сөз басында айта кетерлігі, 1929 жылы «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген жалған айып тағылған М. Жұмабаев Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. Дегенмен, 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралған М. Жұмабаев Қызылжар қаласындағы жоғарыда аталған бір ғасырға жуық тарихы бар колледжде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген еді.
- Барын берген Барыс жылы Қазақ халқы үшін жеңісті әрі жемісті жыл болды. Жер шарының талай мемлекеті дағдарыс қамытын кейіп, даурығып жатқанда біздер бір жылдың ішінде 150-ден астам ірі кәсіпорынды іске қосып, экономикамызды өркендетуге бел шеше кірістік, - деп бастады сөзін Р. Жүніс. - Өткен жылдың басынан беделі мен мәртебесі жоғары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалық тізгінін қолға алып, 1-2 желтоқсан күндері 11 жыл бойы өтпеген саммитін ұйымдастырдық. Ресей мен Беларус елдерімен Кедендік одақ құрып, бірыңғай экономикалық кеңістігімізді ұлғайттық. Мерейлі мерекеміз, елдігіміз бен егемендігіміздің тұғыры Тәуелсіздігіміздің 19 жылын атап өттік. Міне бұның барлығы да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі деп білемін».
«Жалпы өткен жылдың желтоқсан айы халқымызға табысты болды десек артық айтқандық емес», - деп әңгімесін жалғаған Роза Нұрмаққызы, Тәуелсіздік күні мен Қызылжар қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің 90 жылдық мерейтойы ерекше есінде қалғанын баса айтты.
«Расында да талай нәубет заманды басынан өткерген Қазақ халқының дербес, жеке мемлекет құрып, егемендік алу жолында оянып келіп, қалғып кеткен кездері де көп болды. Соның ішінде нағыз оянған кезі сонау 1986 жылдың ызғарлы желтоқсан айы болатын. Оған дейін кеңестік шекпен астында республиканы мекен еткен 100-ден астам ұлт өкілдерімен бірге қазақ халқы да бұйығы өмір кешуде еді. Дегенмен қазақ екендігімізді, нағыз Қазақ елі екендігімізді оған дейін танысақ та, танымағандай кейіп танытып, бір-бірімізден жасқанып келгеніміз де ащы да болса шындық. Міне осы уақытта Ресейдің алыс түпкірінен келген бейтаныс шенеуніктің Қазақ елі билігіне қол салуы, 86 жылдың желтоқсаны бізге көп ой салды. Әсіресе жастардың дүрбелеңі, олардың Сәтбаев көшелерінде қан жоса болуы біздің санамызды сілкінтіп, жігерімізді жаныды», - деді дәл сол кезеңде Қазақ телевидениесінің оқу-бағдарлама редакциясында жұмыс істеген Роза Нұрмаққызы.
Р. Жүністің пікірінше, сол кезден бастап егемендіктің дәмін сезген біздерге тәуелсіз ел атанып, қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басына келуі үлкен әсер етті. «Міне осы кезден бастап біз өзіміздің нағыз қазақ екенімізді тани бастадық», - деген ол талай жыл Қазақ телевидениесінде жүріп, Мағжан Жұмабаев жайында жасаған сүбелі бағдарламалары жайынды сөз өрбітті.
«20 ғасырдың 60 жылдарында Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім ала жүріп Темірғали Нұртазин, Бисенбай Кенжебаев сынды профессорлардың алдын көрдім. Ең алғаш Мағжан есімін анам Мағрипадан естідім. Оқытушым Б.Кенжебаев Жұмабаев есімін атағанда-ақ ақынның өмірімен жете танысуға, өлеңдерін оқуға деген ынтам оянды. Әрине, оған дейін талай ақын-жазушылар «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен кезде біздер оған көп мән бергенімізден, оны талдап беретін адам болған жоқ болатын. Міне осы аралықта оқытушымыздың Мағжан жайында ептеп-ептеп сыр тартуы біздерге қатты әсер берді», - дейді Роза апа.
Осыдан кейін Қазақ телевидениесіне жұмысқа орналасқан Р.Жүніс қазақ журналистикасының тарихында тыңнан түрен салып, Мағжанның туған-туыстарын іздестіріп, шәкірттерін, ақынның көзін көрген азаматтарды іздеп-тауып, «Мағжанның шырағы», «Мағжанның арманы», «Ана сағынышы», «Мағжан жұлдыздары» сынды хабарлар әзірлеген. Алайда сол хабарларының бүгінгі күнге жетпей қалуы Роза Нұрмаққызының көңілін қатты қапаландырып жүр. «Мен зейнеткерлікке шыққанымда маңдай терім сіңген сол хабарлар түрлі себептермен жойылып кетіпті. Қатты өкінемін. Мен, бұл орайда жазғаным, жасаған дүниелерім жоқ деп отырғаным жоқ. Мағжаннның туған-туыстарының, шәкірті Хамза Абдуллиннің, тағы сол сияқты ондаған адамның сөйлеген сөздері жойылып кетіп отыр. Ол еңбектерім жастарымызға да, болашағымызға да керек дүние еді ғой», - дейді зерттеуші.
Р.Жүністің пікірінше, М.Жұмабаевтың тұла бойына біткен қасиеттері аудармашылығы, лириктігі, ақындығы, педагогтігі, көркөм сөз шеберлігі, әлі күнгі толығымен ашылған жоқ. Тіпті оны тіл маманы десек пе артық емес. Өйткені М. Жұмабаев араб, түрік, парсы, орыс тілдерін жетік меңгерген. 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіріп, Потанин сыйлығын алған. Ақынның осындай қасиеттеріне алға тартқан Р. Жүніс Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде зертхана ашу қажет деп санайтындығын жеткізді.
«Мағжан елін, жерін, ана сүтімен бойына дарыған ана тілін сүйген адам. Елін сүйе отырып өркениетті, мәдениетті, алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне көтерілуді тіледі. Ол елдің қор болмауын, құл болмауын армандады. Азат партиясында жүріп, тәуелсіздік алу жөнінде керемет шығармаларын жазды. Сол арманы қазір орындалды. Жалпы Мағжан жайында қалам тартып, өшпес мұра қалдырған Халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов менің туған ағам. Қарап отырсам, ағамның кейбір сөздері, сөйлем құрау әдістері Мағжанмен үндес сияқты көрінеді. Негізінен талантты азаматтар өжет, ешкімге қол жаймайтын, ешкімге бағынбайтын тентектеу болуы да қажет сияқты. Міне, Сәкен ағам да, Мағжан да ешкімге қол жаймай өмірден өтті», - дейді Р. Жүніс.
Осы орайда Роза Нұрмаққызы елордада, Сарыарқаның төрінде Мағжан Жұмабаевтың еңселі ескерткіші бой көтерсе деген іште жүрген арман-тілегін жеткізді.
Оның пікірінше, елім, жерім деп өмірден өткен өршіл азаматтың алып бейнесі ашық алаңқайда тұрғаны абзал. «Бір кездері Мәскеуде Маяковский, Пушкин, Есенин ескеркіштерінің алдында ақындар жиналып жыр оқитын. Міне осы дәстүр елімізде де жанданып болашақта Мағжан ескерткіштерінің алдында жыр мүшәйралары өтсе айып па? Неге біз осылай ақындарымызды құрметтемеске», - деп түйіндеді әңгімесін Р.Жүніс.