Астанада мас күйде полицейлерге күш қолданған ер адам сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада полицейлерге қарсы күш қолданған ер адамға үкім шықты, деп хабарлайды қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.

Преступление Қылмыс наручники задержания Кісен ұсталды МВД РК ҚР ІІМ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында алкогольдік масаң күйде болған ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға балағат сөздер айтқан. Бұдан бөлек, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған, сондай-ақ қарсылық көрсетіп, оларға қатысты күш қолданған. Құқыққа қарсы әрекеттердің салдарынан полиция қызметкерлеріне денсаулыққа зиян келтірмейтін дене жарақаттары келтірілді.

Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін толық дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынды. Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.

— Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.

Қала прокуратурасы билік өкілдерін қорлау және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты күш қолдану қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.

Еске салсақ, жақында Өскеменде полицейдің қаруын тартып алып, оқ атқан күдіктілер ұсталғаны белгілі болды.

Осыдан бұрын ІІМ орынбасары Санжар Әділов полицияға шабуыл жасау фактілеріне қатысты пікір білдірді.