Астанада мас күйінде көлік жүргізген судья қызметінен босатылды
АСТАНА.KAZINFORM - Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаеваны мас күйінде көлік жүргізгені үшін қызметінен босату туралы шешім қабылдады.
Сот жюриі барлығы 10 судьяға қатысты 11 тәртіптік істі қарады.
— Жоғарғы Сот Кеңесі Сот жюриінің 2026 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Ә.К.Досаева судьялық этика нормаларын бұзғаны үшін судьялық қызметінен босату жазасымен тәртіптік жазаға тартылды, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, қараша айының басында Астанада түнгі рейд кезінде полиция Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы мас күйінде жүргізген көлікті тоқтатты. Оған қатысты тергеу басталды.
Сол кезде қалалық соттың баспасөз қызметі судьялардың ерекше құқықтық мәртебесіне қарамастан, судьялық міндеттері мен заңды бұзу әрекеті жазасыз қалмайтынын хабарлады.
12 қарашада Бас прокуратура судья Әсел Досаеваны мас күйінде көлік жүргізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Қазақстан Президентіне ұсыныс енгізді.