Астанада мектепке дейінгі білім берудегі озық тәжірибелер мен инновациялар талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Қарлығаш» балабақшасында «Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі білім беру саласындағы озық тәжірибелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шара Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медицина орталығы балабақшасының 15 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Конференцияға Норвегия, Қатар, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Ресей және ЮНИСЕФ өкілдері, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен отандық жоғары оқу орындарының, білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың жетекшілері мен мамандары қатысты.

Іс-шара барысында мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық әдістер, дуальды оқыту модельдері, ұлттық құндылықтарды енгізу және балалардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін жобалар талқыланды.
Форумның ашылу бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде «Қарлығаш» балабақшасына экскурсия ұйымдастырылды. Қатысушыларға мектеп жасына дейінгі балалардың коммуникация және ойлау қабілеттерін дамытуға арналған медиажобалар мен «Бастау» авторлық бағдарламасы таныстырылды. Бұл тәжірибе теориялық білім мен практикалық жұмыстарды біріктіріп, мектепке дейінгі білім беру саласындағы жаңа тәсілдерді талқылауға мүмкіндік берді.
Пленарлық отырыста Қазақстан мен шетелден келген бірнеше негізгі спикерлер өз баяндамаларын жасады. Олардың қатарында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова, Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманова, МАНАоКО академиялық координаторы Лаззат Булебаева және Норвегия, Беларусь, Қатар, Түркия, Әзербайжан елдерінің сарапшылары болды.

Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманова конференцияның басты бағыты — баланың үйлесімді дамуы екенін алға тартты.
— Конференцияның басты бағыты — бала, оның үйлесімді дамуы және салауатты балалық шақ. Біз кәсіби қауымдастықтың әрбір бала үшін ең жақсы жағдай жасауға ортақ мақсатпен біріктірілгенін көріп отырмыз, — деді ол.
Пікір алмасу панельдік сессияларда оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдістері, ұлттық құндылықтарды білім беру процесіне енгізу, сондай-ақ ТРИЗ технологиясы мен Реджио-педагогика қолдану мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, медициналық қолдау, инклюзивті практика және мектеп жасына дейінгі балаларда экологиялық мәдениет қалыптастыру да маңызды тақырып болды.
«Қарлығаш: инновациялар іс жүзінде» практикалық турында педагогтер нақты тәжірибелерді, соның ішінде «Бастау» авторлық бағдарламасы мен Еsoteam экологиялық жобасын таныстырды.

Конференция «Мектепке дейінгі білім берудің болашағы: сын-қатерлер, бағдар, ресурстар» дөңгелек үстелімен қорытындыланды. Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, сапа стандарттарын енгізу және ерте жастағы зерттеу жобаларын дамыту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, конференцияда «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар» көрмесі өтті, онда интерактивті құм алаңдары, дрондар, VR жабдықтары, заманауи педагогикалық зертханалар мен авторлық әдістемелер көрсетілді.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар ұйымдастыру деңгейінің жоғары болғанын және бағдарламаның практикалық тұрғыдағы бағытын атап өтті.
— Конференция ұйымдастырушылық жағынан жоғары деңгейде өткізілді және пленарлық, секциялық талқылаулар бағдарламасы мазмұнды болды. Мұндай іс-шаралар мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуда халықаралық диалогтің және озық тәжірибелер алмасудың маңыздылығын растайды, — деп атап өтті Манара Адамова.

«Қарлығаш» балабақшасының директоры Гүлшат Онланбекқызы форумды дәл осы мерейтой жылы өткізу үлкен мәртебе екенін айтты.
— Біз үшін осындай ауқымды форумды дәл осы мерейтой жылы өткізу үлкен мәртебе. «Қарлығаш» — болашақ білім берудің заманауи тәсілдері мен құндылықтары қалыптасатын инновациялар флагманы, — деді ол.

Осыдан бұрын ПІБ Медициналық орталығы халықаралық сертификатқа ие болғанын жазғанбыз.