Астанада мембағдарлама аясындағы тұрғын үйдің құрылысы 9 жылдан бері бітпей отыр

Даудың басы қайдан шықты дегенде, жуырда Астанада алданған үлескерлердің жиналысы өтті. Жиналысқа бір тарап қана, яғни, зардап шеккен үлескерлер ғана жиналып, мемлекеттен көмек сұрады. Міне, осы жиналыс кезінде Салтанат Нұрғалиева есімді азаматша Астана қаласының әкімдігі тапсырыс берген «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын үй кешені. 3 нүкте» атты тұрғын үй 2007 жылдан бері салынбай келе жатқанын мәлім етті.
«Оңтүстік-Шығыс» тұрғын үй кешені. 3 нүкте» - Астана қаласы әкімдігінің жобасы. Үй мемлекеттік бағдарлама аясында салынуы керек еді. Алғашқы бес қабаты - мемлекеттік бағдарлама аясында салынса, алтыншы қабатына біздер , үлескерлер салымшы болдық. Кейбіреуі ақшаны бөліп төлеуге келісті, ал мен сияқты адамдар пәтер құнын толық төледік, біз таза инвестормыз. Үлескерлердің қолында бар ақпаратқа сенсек, осы тұрғын үйді салу үшін әкімдік 2005 жылдан бері 3 млрд теңге жұмсады. Ең қызығын айтайын, үй салынып бітпей жатып апатты жағдайдағы үйлер қатарына қосылды. Астана қаласының әкімдігі осымен нешінші мердігер «жалдап» отыр, бірақ бәрібір еш пайдасы жоқ»,- деді С.Нұрғалиева ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелесе отырып.
Біз Салтанат Нұрғалиеваның айтқан деректері бойынша, Астана қаласы әкімдігіне ресми сауал жіберіп, Астана қаласы Құрылыс басқармасының жетекшісі Талғат Рысбековтен жауап алдық. Әкімдік осындай проблемалы тұрғын үйдің бар екенін растаса да, оны неге бақылауға алмағанын, пәтер кезегінде тұрған азаматтар мен үлескерлердің ендігі жағдайы не болатынын айта алмады.
«Оңтүстік-Шығыс жекеменшік құрылысы (сол жақ) ауданындағы көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы. 3 нүкте» нысаны бойынша, мердігерлік жұмыстарды мемлекеттік сатып алудың алғашқы конкурсы 2007 жылы сәуір айында өткізілді, оның нәтижесі бойынша жеңімпаз ретінде «Агат-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылды. Міндеттемелерді тиісті түрде орындамағанына байланысты, мемлекеттік сатып алулардың шарттары аталған ұйыммен 2008 жылдың қыркүйегінде бұзылды»,-деп хабарлады Т.Рысбеков.
Қалалық құрылыс басқармасының дерегіне сүйенсек, әкімдік осы мердігерге келісімшарт бойынша 820 млн 962 мың 081 теңге беруі керек болған. 2007 жылы «АКАТ-7» ЖШС-на қалалық құрылыс басқармасы 652 млн 494 мың 166 теңге жіберген. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, 2008 жылдың қыркүйегінде сатып алу шарттары бұзылған. Бірақ, 652 млн теңгенің тағдыры не болғаны жайлы басқарма тіс жарған жоқ.
«2009 жылдың 3 сәуірінде Басқарма мен «Инженерно-сервисная компания» ЖШС арасында аяқталмаған құрылысты аяқтау үшін мердігерлік жұмыстар жөніндегі мемлекеттік сатып алу шарттары жасалды. Құрылыс барысында бұрынғы мердігер жіберген ақаулар анықталды. Сондықтан, нысанға техникалық зерттеу жүргізіліп, құрылғыларды күшейту бойынша жоба әзірленді»,-деп баяндаған әрі қарай Т.Рысбеков.
«2011 жылы «Мемлекеттік сараптама» РМК оң қорытындысын алған жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, құрылыс салушы жеке құрылымдық элеметтеріне күшейтуді және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет болды. Осы ретте, «Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі берген ұйғарымның негізінде техникалық зерттеу және аяқталмаған құрылыс құрылымдарын күшейту бойынша жұмыстарды жүргізу қажеттілігі пайда болды»,-деп баяндалып отыр. Басқарма зерттеу жүргізетін мекемені Астанадан емес, Қарағандыдан тауыпты.
«2014 жыл 19 желтоқсанда Басқарма мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің шаруашылық басқаруындағы «Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен техникалық зерттеу бойынша мемлекеттік сатып алу шарты жасалды. Осы техникалық зерттеудің нәтижелері бойынша басқарма «Оңтүстік-Шығыс жекеменшік құрылысы (сол жақ) ауданындағы көп пәтерлі тұрғын үй кешені бойынша мердігерлік жұмыстарды мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс жарияланды. Екінші рет күшейту жұмыстарын жүргізуге «Қазбайлық Астана» ЖШС жеңімпаз болып танылды, онда ғимаратты бөлшектеу бойынша іс-шаралардың жүргізілуі қарастырылмаған»,-дейді Т.Рысбеков.
Сонымен, басқарма басшысының ақпаратына сүйенсек, құрылыс салуға берілген қаулыға сәйкес, жер телімінің меншік иесі болып Басқарма (бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін) және «Инженерно-сервисная компания» ЖШС (цоколь және алтыншы қабаттың үлесі) болып бекітілген. Осы жерде үлескерлердің мәселесіне тоқталған Т.Рысбеков: «басқарма тұрғын кешеніндегі коммерциялық қабаттардың құрылысына тапсырыс берген жоқ, сондықтан, серіктестік шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін кредиторлар (инвесторлар) алдында өзі жеке жауап беретін болады»,-дейді.
Осы ретте, басқарма басшысы ресми сауалдағы үлескерлердің жағдайына қатысты қойылған сұраққа «Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 тамызындағы Жарлығына сәйкес, бірінші қабаттағы кеңселік бөлмелер мен шатырлы қабаттағы қосымша құрылысты мердігер нарықтық бағаға сай өзі сата алады. Үлескерлер мен «Инженерная-сервисная компания» ЖШС арасында шарт жасалған, осыған байланысты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 271 бабына сәйкес, жасалған шарттардың талаптарын басшылыққа алу керек. Үлескерлер өз құқығын қорғау үшін Азаматтық кодекстің 8 бабы, 1 тармағына сәйкес, сот органдарына жүгінуге құқылы»-деп жауап берді.
Салтанат Нұрғалиеваның айтуынша, үлескерлер қалалық соттың табылдырығын әбден тоздырған. «Мемлекеттік қордан үй аламыз деп кезекке тұрған азаматтар ол үйдің тіпті бір кірпіші дұрыс қаланбағанын білмейді де. Екі мердігер ақшаны алып, үйді аяқтамай кеткен соң, әкімдік бізге тұрғын үй-құрылыс кооперативін құруды ұсынды. Бірақ, бұл ойға қонбайды ғой, алғашқы бес қабаты мемлекеттің жобасы болатын үйге алтыншы қабаттағы пәтер иелері қалай тұрғын үй-құрылыс кооперативін құра алады?. Бұл үй Хорошунның (Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун - агенттік ) «баласы» деуге болады. Себебі, құрылыс басталғаннан бері осы кісі басы-қасында жүр. Бірақ, неше рет сұрасақ та, мемлекеттік тапсырыс аясындағы үйдің құрылысы неге қадағаланбады деген сұраққа жауап бермеді. Біз енді жаңа әкімнің араласуын сұрап жүрміз»,-дей келе С.Нұрғалиева тұрғын үйдің жуық арада ғана түсіріп алған суреттерін жолдады.
Ал, Астана қалалық құрылыс басқармасының басшысы Т.Рысбеков жауабының соңында «Инженерно-сервисная компания» ЖШС-мен тағы «келіспей» қалғанын хабарлап отыр. «Инженерно-сервисная компания» ЖШС шарттың талаптарына сай, өзіне жүктелген міндетттемелерді орындамағанына байланысты, Басқарма компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде тану және мердігерлік шартты бұзу жөнінде сотқа талап арыз жазды. Мердігерлік шартты бұзғаннан кейін құрылысты аяқтау бойынша мердігерлік жұмыстарды мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізілетін болады»,-деп қорытындылаған Т.Рысбеков өз жауабын.
Бұлай бола отыра, Астана қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасы компания шотына 7 жыл ішінде 567 млн 630 мың 245 теңге аударып қойған.
Атап айтсақ, бар-жоғы бес қабатты үйді салу үшін
2009 жылы - 41 496 671 тг;.
2010 жылы - 39 088 508 тг.
2011жылы - 87 882 736 тг.
2012 жылы - 216 617 605 тг.
2013 жылы - 117 001 220,35 тг.
2014 жылы - 39 794 174,65 тг.
2015жылы - 25 749 330 теңге қаржы бөлінген екен. Келісімшарт бойынша құрылыстың жалпы құны 641 млн 880 мың 915 теңгені құраса, басқарма құрылысты аяқтамай кеткен мердігерге қаржының 80 пайызын, яғни, 567 млн 630 мың 245 теңгесін беріп қойған. Жалпы, жоғарыда аты аталған «АГАТ-7» компаниясы мен "Инженерно-сервисная компания» серіктестігін қосқанда, әкімдік кірпіші құлайын деп тұрған үйдің құрылысына 1 млрд 220 млн 124 мың 411 теңге ақша бөлген екен.
Астана қаласы Құрылыс басқармасының басшылығы бұл қаржы қайтарылды ма, жоқ па, қаржы бөлінгенмен, мердігерлер неге жұмысты атқармағанын, ал, әкімдік тарапынан мемлекеттік бағдарлама аясындағы бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы неге қадағаланбады деген сұрақтарды жауаптан тыс қалдырған.
Әзірге, естеріңізге сала кетейік, 10 қазаннан бастап «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізілді.
ҚР Бас прокуратура Құқықтық қорғау департаментінің басшысы Марат Сексембаевтың айтуынша, жаңа Заң бойынша құрылыс салушылар үшін лицензия қажет емес. Енді компаниялар әкімдіктің рұқсаты немесе Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының кепілдік беру туралы шарты бар болса, үлескерлердің ақшасын тарта алады. Әкімдіктің рұқсаты жобаға екінші деңгейлі банк қатысқанда немесе үйдің қаңқасы бар болған жағдайда беріледі. Банктің жобаға қатысуы арқылы құрылысты аяқтау үшін оны жеткілікті сомаға қаржыландыру қамтамасыз етіледі. Банк немесе Кепілдендіру қоры банкроттыққа ұшырау мен басқа да жағдайларда үлескерлер үшін «қауіпсіздік жастығының» рөлін атқарады. Оның айтуынша, басқа айла-амалдар жасалмауы үшін, заңда басқа шарттар түрімен үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынған. Енді мұндай мәмілелер заңсыз деп танылатын болады.