Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйге құжат қабылдана бастады

«ҚИК» АҰ» АҚ-мен кейіннен сатып алумен жалға беруді іске асыру үшін 52 пәтер қарастырылған, оның ішінде: 23 - бір бөлмелі пәтер, ауданы 39,2-ден 42,1 ш.м. дейін; 25 - екі бөлмелі пәтер, ауданы 58,7-ден 69,5 ш.м. дейін; 4 - үш бөлмелі пәтер, ауданы 75,2-ден 79,1 ш.м. дейін. Бағдарламаның бұл бағытына қатысу үшін төмендегі санаттар бойынша тұрғын үйге мұқтаждылар есебінде тұрған тұлғалар қатыса алады: көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, жетім -балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері, бюджеттік ұйым қызметкерлері. Бағдарлама талаптарына сәйкес құжаттарды қабылдау тек e.astana.kz веб-порталы арқылы (бұдан әрі - портал) өтініш берушінің электрондық сандық қолтаңбасын (бұдан әрі - ЭСҚ) пайдаланумен жүргізіледі. Порталдың жұмыс істеу уақыты - тәулік бойы. Құжаттарды қабылдау 2015 жылғы 29 мамырда сағат 00:00 аяқталады. Бағдарламаға қатысу талаптары, құжаттар тізбесі және өтініш беру бойынша нұсқаулық Тұрғын үй басқармасының www.uzh.kz. ресми сайтында жарияланған.